Reuters агенттігі Уашингтон Еуропадағы серіктестерімен авторитарлық басқару жүйесіндегі Беларуське экономикалық санкция енгізу мәселесін талқылайтынын жазды. АҚШ Мемлекеттік хатшысының Еуропалық және Еуразиялық мәселелер жөніндегі көмекшісі Джордж Кенттің мәлімдеуінше, Беларусь тақырыбында адам құқықтары мен Ресей билігінің ішкі саясатқа араласуы тысқары қалмайды.
АҚШ елдегі наразылық шерулерінде адам құқығының тапталып, азаматтық белсенділер мен журналистердің қамауға алынуын қатаң сынға алды. Сонымен қатар Батыс елдері Александр Лукашенконың сайлаудағы жеңісін мойындамайтынын айтты. Ресми Уашингтон егер Ресей Беларусьтегі жағдайға араласатын болса, Мәскеумен халықаралық байланысқа нұқсан келетінін ескертті.
Канада билігі де ұзақ уақыт ел басқарған Лукашенконың жеңісін мойындаудан бас тартты. Оттава Еуропадағы одақтастарымен бірлесе, Беларусь билігіне қарсы санкция енгізуді құптайтынын жариялады.
Беларусьтегі «демократия мерекесі» яғни билікке қарсы жаппай наразылық кезінде белсенділер ғана емес, бірқатар журналистер де ұсталған. Беларусь Журналистер одағы митинг кезінде Минскіде ұсталған тілшілер Акресцин көшесіндегі қылмыскерлерді оқшаулау орталығына ауыстырылатынын хабарлады. 3 қыркүйекте олардың ісі бойынша сот отырысы жалғасады. Бұл ақпаратты Ішкі істер министрлігі растап отыр.
9 тамызда Беларусьте президент сайлауы өтті. Орталықсайлау комиссиясы қазіргі мемлекет басшысы Александр Лукашенко 80,10% дауыспен жеңіске жеткенін жариялады. Оның басты бәсекелесі, оппозиция атынан қатысқан Светлана Тихановская 10,12% дауысқа ие болды.
Тихановская сайлау қорытындысы бойынша Орталық сайлау комиссиясына шағым түсірді. Экзит-полдың нәтижелері 9 тамыз кешке жарияланғаннан кейін Минсктің орталығында және республиканың кейбір басқа қалаларында жаппай наразылық басталды. Шеруге шыққандарды құқық қорғау органдарының қызметкерлері соққыға жығып, көз жасаурататын газ қолданған. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, митингтер кезінде 6 мыңға жуық адам ұсталды, ондаған полиция қызметкерлері мен демонстранттар жарақат алды.
Санкция құшағындағы Беларусь
2004 жылы 20 қазанда АҚШ президенті Джордж Буш Беларусь билігі оппозиция мен тәуелсіз БАҚ-ты қудалауды тоқтатудан бас тартқан жағдайда біржақты санкциялар енгізу және еркін президенттік, парламенттік сайлау өткізуді көздейтін «Беларусьтегі демократия туралы актіге» қол қойған. Осы құжат негізінде америкалық компаниялардың Беларуське несие беру және қаржылық көмек көрсетуіне тыйым салынды. АҚШ-тың ХВҚ-дағы, Дүниежүзілік Банктегі және басқа да халықаралық ұйымдардағы өкілдеріне Беларусьтегі кез келген қолдауға қарсы дауыс беру тапсырылды.
Буштың 2006 жылы қабылданған Жарлығымен Беларусь президенті Александр Лукашенко мен үкіметтің тоғыз мүшесіне қарсы визалық және экономикалық санкциялар енгізілді. Оларға АҚШ-қа кіруге тыйым салынды, Америкадағы активтері бұғатталды. Содан бері Беларуське қарсы санкциялар жыл сайын ұзартылып келеді.
2011 жылдың соңында АҚШ «Беларусьтегі демократия туралы акт» аясында Беларуське қатысты санкцияларды күшейтті. Атап айтқанда, қара тізім құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қатысты енгізілді. Жеке кәсіпорындарға қатысты шектеулер енгізілді, олармен іскерлік қатынастарға тыйым салынып, активтері тоқтатылды.
Беларусь билігі бірқатар саяси тұтқындарды босатқаннан кейін, 2015 жылы қазанда АҚШ Қаржы министрлігі «Белнефтехим» концерніне және онымен байланысты 8 мұнай-химия кәсіпорнына қатысты санкциялардың күшін жойды.