26 тамыз күні Елордасындағы Жазушылар үйінде Қазақстан Жазушылар одағының және Еуразия жазушылар одағының мүшесі, ақын-сазгер, академик-дәрігер Толқын Ақанұлының "Қарағайбастауым" атты жыр жинағының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты.
Жыр жинақтың тұсаукесер жиынына қазақ поэзиясының көрнекті өкілі ақын Несіпбек Айтұлы, астанадағы Жазушылар үйінің директоры, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, жазушы Жәди Шәкенұлы қатарлы әдебиеттің, өнердің өкілдері қатысты. Автор шығармашылығы мен өмірдегі алуан қырлары туралы әңгіме шертіліп, өлең сүйер қауымға жол тартқан еңбекке сәт сапар тіледі.
Шараның соңын "Қарағайбастауым" жыр кітабының авторы Толқын Ақанұлы өзінің бір өлеңімен түйіндеді:
Атым – қазақ, шетте туып, шетте өстім,
Тұмсығымды қанатқан жоқ көпте ешкім.
Жалпақтамай, жалтақтамай ешкімге
Еркін сөйлеп, егестерді дөп кестім.
Аңсап күткен ағайынмен беттестім,
Талай-талай безбүйрекпен беттестім.
Қаным – қазақ, жаным – қазақ емес пе,
Атажұрттан енді ешқайда кетпеспін!
Фото: Әдебиет порталынан.
Тұсаукесерге қатысқан өнерпаздар автордың сөзіне жазылған әндерден шашу шашты.