Германияда вирус жұқтырғандар санының артуына байланысты, бес аймақта шектеу шаралары қайтадан күшейтілді. Бұл туралы EADaily хабарлады.
Ресми мәліметтер бойынша, өткен тәулікте елде бір жарым мыңнан астам дертке шалдыққан. Мамандардың болжауынша, науқастардың 40%-дан астамы вирусты шетелде жұқтырған.
Осы мәселеге байланысты Роберт Кох атындағы институттың бөлім басшысы Осама Хамауда: «Қазір коронавирус жұқтыру деректері артып жатқанын көріп отырмыз. Дегенмен елдегі ахуал ақпан немесе наурыз айларындағыдай емес. Қауіпті инфекцияға шалдыққандардың басым бөлігі – 15 пен 50 жас аралығындағы азаматтар. Мәселен, Розенхайм қаласында індет басталған кездегідей 60-тан асқан азаматтар мен 5 жас дейінгі балалар арасында вирус жұқтыру деректері жоқ. Жалпы сырқатқа шалдыққандардың айтуынша, олар қатерлі вирусты саяхат кезінде жұқтырған», – дейді.
Германиядағы қатаң шектеу шараларын бірінші кезекте Бавария енгізеді. аймақта адам көп жиналатын жерлерде бақылау күшейеді. Негізінен мұндай шара коронавирус жұқтырғандардың күрт артуымен байланысты.
Өткен сенбінің өзінде елде 2 мыңнан астам дерек тіркелген. Бұл сәуірден бері болмаған көрсеткіш.Тәртіпке бағынбағандарға салынатын айыппұл көлемі де жоғары. Бұрын Баварияда бетперде кимегендер 150 еуро айыппұл төлесе, енді оның мөлшері 250 еуроға артты. Тәртіпті екінші рет бұзғандарға 500 еуро айыппұл салынады. Үй жағдайындағы карантинді бұзған науқастар көшеге шықса, 2 мың еуро төлейді.