Канада премьер-министрі Джастин Трюдо Парламент жұмысын 23 қыркүйекке дейін тоқтату туралы шешім шығарды. Министрлер кабинетінің басшысы Трюдо бұл жарлықты елдің генерал-губернаторы Жюли Пейетке жолдады.
Парламенттік рәсімдерге сәйкес, палаталардың жұмысы тоқтатылған жағдайда, бұрын қарауға енгізілген барлық заң жобалары жойылады. Оның орнына жаңа заң, жоспарлар қаралады. Трюдо мәлімдемесінде: «Коронавирус пандемиясынан кейінгі экономиканы қалпына келтірудің ұзақ мерзімді жоспары қажет. Бұл жоспарды жүзеге асырудың алғашқы қадамдарын 23 қыркүйекте ұсынамыз. Бүгін генерал-губернатордан Парламенттің жұмысын тоқтата тұруды өтіндім. Экономикасы жаңа жоспарды қажет ететін барлық үкімет осындай қадам жасайды», – деді.
Алдағы уақытта Трюдо Парламент тарапынан сенім дауысын алуы керек. Егер дауыс жеткіліксіз болса, Канаданы жаңа сайлау күтеді. Елде 2005 жылдың қарашасында осындай жағдай болған: Парламенттің дауысын жинай алмаған либералды премьер-министр Пол Мартин отставкаға кетуге және 2006 жылдың қаңтарында өткен жаңа сайлауды жариялауға мәжбүр болды.
Соңғы Канада премьер-министрі, 2006 жылғы сайлауда жеңіске жеткен консерватор Стивен Харпер 2013 жылдың қыркүйегінде «тақтың сөзі» ережесі бойынша Парламенттің жұмысын уақытша тоқтату туралы шешім қабылдаған. Бұған дейін Трюдо Харперді саяси айла-амалдармен айыптаған.
Кейбір сарапшылардың пікірінше, Джастин Трюдо Парламенттің жұмысын тоқтату арқылы өзінің басы дауға іліккен «we Charity» қайырымдылық қорының айналасындағы жемқорлық жанжалын тоқтатқысы келеді. Осы маневрдің арқасында Сенаттың тергеу жүргізетін қаржы комитетінің қызметі де тоқтатылады.