АҚШ-та президент сайлауының форматына өзгерістер енгізіліп, дауыс беру пошта арқылы өтуі мүмкін. Шілдеде сенатор Сюзан Коллинс бастамасымен ұсынылған заңнамаға сәйкес пандемиядан шығынға батқан USPS пошта агенттігіне қосымша 25 млрд АҚШ долларын бөлу көзделген. Бірақ Дональд Трамп пен республикалық партия өкілдері бұған түбегейлі қарсы.
Пошта арқылы дауыс беру жүргізілетін болса, сайлау әділетсіз өтеді дейді Трамп. 28 шілдеде АҚШ Бас прокуроры Уильям Барр Конгрестегі тыңдалымба қарашадағы сайлауда поштамен дауыс беру сайлау нәтижелерін бұрмалауы мүмкін деп мәлімдеген. Twitter парақшасындағы жазбасында Трамп: «Мен дауыс беру датасын өзгерткім келмейді. Тек әділетсіз өткен сайлауды көргім келмейді. Себебі пошта арқылы дауыс беру үдерісі қаншалықты шынайы өтеді екен? Соңында бюллетеньдер жоғалып, дауыстарды есептеу бірнеше айға созылуы мүкмін. Мен тек азаматтарымыздың өз еркімен, қолындағы құжатымен сайлау учаскелеріне келіп таңдау жасағанын қалаймын», – деп жазған.
Пошта арқылы дауыс берудің ережесі әр штаттың заңына байланысты өзгереді. Мәселен, Калифорния, Невада немесе Юта сияқты штаттарда дауыс беруші ретінде тіркелген кез келген азаматтың мекен жайына дауыс беру бюллетені автоматты түрде жіберіледі. Ал Техас немесе Теннеси штатының тұрғындары поштамен таңдау жасау үшін дауыс беруге қатыса алмайтындығының себебін түсіндіріп, алдын ала өтінім толтыру қажет.
Бұған дейін Дональд Трамп сайлау күнін кейінге шегеру туралы ұсыныс айтқан болатын. Президенттің бұл ойы республикалықтар мен демократтар арасында қызу пікірталас тудырды. Негізінен АҚШ Конституциясына сай президенттік сайлауды кейінге қалдыруға тек Конгрестің ғана уәкілеттілігі бар. Сонымен қатар Құрама Штаттардың үш федералды заңы дауыс беру күнінің өзгермейтінін шегелеп ескерткен. Негізгі дата – қарашаның алғашқы сейсенбісі. Бұл – тарихта 1845 жылдан бері қалыптасқан ереже.