Тунис соты британдық диджейді түнгі клубтардың бірінде мешіттерде оқылатын азанды ремикс етіп, мұсылмандардың рухани құндылығын сыйламағандығы үшін бір жылға түрмеге жабу туралы үкім шығарды.
Біраз уақыт бұрын Тунистің Хаммамет курорттық қалашығындағы түнгі клубтардың бірінде диджей азанның ремиксін ойнатып жатқан видеосы пайда болған. Видео желіге шыққан кезде -ақ түнгі клуб жабылып, халық арасында үлкен сынға ұшырады. Кейіннен әлгі "туындының" авторы да темір торға тоғытылған болатын.
Громбалия соты өкілінің мәлімдемесіне сәйкес Dax J деген лақап атпен өнер көрсетіп жүрген диджей әдепсіз қылығы үшін 6 айға және қоғамдық моральді қорлағаны үшін 6 алты айға, жалпы 1 жылға бас бостандығынан айырылған.
Сонымен қоса, сот клубтың иесі мен Orbit Festival фестивалінің ұйымдастырушыларын кінәсіз деп тапты.
Осы дүйсенбіде фестиваль ұйымдастырушылары өздерінің фейсбуктағы парақшаларында барша көпшіліктен кешірім сұрап, ешкімнің рухани сенімін қорлауды ойламағандықтарын айтуда.
Ал диджей Dax J: "Менің ешқандай арам ойым болған жоқ, ешкімнің көңіліне тиіп, сенімін, рухани таным-түсінігін қорлауды мақсат еткен емеспін" - деп отыр.
“The Qazaq Times”