Коронавирус салдарынан туындаған мәселелер бірқатар мемлекеттің шама-шарқын айқындап бергендей. Әсіресе, Орта Азия, Қазақстандағы эпидахуал медицина мен экономиканың деградациясын көрсетті. Министрліктің вирусты әртүрлі формада жіктеуі де нақты статистиканы анықтауға қиындық туғызып отыр. Ал өзге елдерде пандемия кезінде қандай мәселелер орын алды? Мемлекет тарапынан халыққа қандай көмек қарастырылған? Осы сауалдар аясында әлемнің түкпір-түкпіріндегі отандастарымыздың монологын назарларыңызға ұсынамыз.
Карантинде барлық төлемдер кешірілді
Нұрлан Асылбекұлы, Калифорния, АҚШ:
Дәл қазір Америкада жағдай тұрақты. Ел билігі ситуацияны уақытында қолға алды. Дер кезінде қажетті шараны іске асырды. Сондықтан да болар, жағдай қалыпты. Карантин басталған кезде әрбір отбасы мүшесіне 1200$ көлемінде ақшалай көмек берілді. Азаматтығы жоқ, бірақ салық төлеп жатқан адамдар да көмек алды. Бұл ақша бір рет берілді. Барлық төлемдер кешірілді.
Америкада карантин кезінде барлық қоғамдық орындар жабылды. Арақашықтық сақтау, маска тағу талаптары жіті сақталады. Адамдар тәртіпке бағынады. Сақтық шараларын сақтау ережелері автомагистральдарда электронды таблоларда жазылып тұрады. Қазір қоғамдық орындар ашық. Сонда да маска тағу, арақашықтық сақтау деген бар. Жергілікті халық еш қарсылықсыз талапқа бағынады. Дәрі тапшылығы, дәріханада кезекте тұру мүлде жоқ.
Американың Аризона штатындағы Сьерра-Виста қаласының тұрғыны, отандасымыз Гаухар Джакупбаева ел билігі қолға алған шаралар жайында: «АҚШ президенті Дональд Трамп жағдайды тұрақтандыру, азық-түлікке байланысты ажиотаждың алдын алу мақсатында үлкен гипермаркет қожайындарымен, министрлермен кездесулер өткізіп, тікелей эфирге шығады. Шыны керек, Қазақстанда ғана емес, Америкада да экономикалық құлдырау байқалуда. Акциялар құны күн сайын түсіп жатыр. Қарапайым америкалық отбасы акцияда жинаған 3-4 жылдық қорын 1-2 күн ішінде жоғалтып жатыр. Бірақ қазір Америкада жағдай қалыпты. Вирусты жеңудің бірден-бір жолы – карантин талаптарын сақтау», – дейді.
Табыссыз қалғандарға аптасына 1500 аустралиялық доллар беріледі
Еркебұлан Әзімхан, Сидней, Аустралия:
Жағдай бірқалыпты, адамдар еш дүрбелеңге беріліп жатқан жоқ. Аустралияның бір ерекшелігі (әсіресе, Сиднейде) – қоғамдық орындар өте ерте жабылады. Бұл коронавирусқа дейін де қалыптасқан жағдай еді. Мемлекет тарапынан бизнесті қолдауға және қаржылық дағдарысты болдырмау мақсатында қомақты қаражат бөлінуде. Өкінішке орай елде тұрақты тұруға құқығы жоқ адамдардың жағдайы қиындау. Әсіресе, студенттер. Оларды не жұмысқа алмайды, не оқуынан жеңілдік бермейді. Бірақ оқуының ақшасын бөліп төлеу қарастырылған.
Аустралия коронавируспен күреске бюджеттен 181 млрд АҚШ долларын бөліп отыр. Елде дәрі тапшылығы байқалмайды. Барлығы қолжетімді. Мемлекет тарапынан «Jobkeeper» деген бағдарлама іске асырылып отыр. Осы арқылы жұмыс істеп жүрген, бірақ карантинге байланысты табыссыз қалған адамдарға аптасына 1500 (бұл салыққа дейін) аустралиялық доллар төленеді. Бұл көмек 27 қыркүйекке дейін жалғасады. Және де егер сол жұмыс берушінің бизнесі кем дегенде 30% табыстан зардап шексе ғана.
Мұнда да вирусқа сенбейтіндер бар. Жақында Мельбурн қаласындағы ойын-сауық орындарына адамдар еш алаңсыз жиналғаннан кейін, олардан вирустың жаңа деректері тіркелді. Шыны керек, қазіргі премьер-министр Скотт Мориссонға аустралиялықтардың көңілі толмайды. Елдегі ормандардың өртенуіне байлынысты оған деген халықтың ызасы арта түскен. Елде иммигранттар өте көп, олардың жағдайы қиын. Жуырда АҚШ-та болған Black Lives Matter қозғалысы бұл жерде де орын алды.
Дерттен аман тұрғындар қалыпты өмір салтын жалғастырып отыр. Қазақстандық, орта азиялық азаматтар бас қосып тұрады Ал өзімнің аустралиялық танысым ата-анасымен бірге тұрып жатса да, оларды құшақтауға да қорқады. Себебі вирус жұқтырамын деп қауіптенеді. Ата-анасының жасы үлкен болғандықтан, осындай алаңдаушылық білдіреді. Яғни кейбір адамдар вирусқа сенсе де, жеңіл-желпі қарайды, ал өзгелері қатты қорқып қалған.
Қазақстанда барлық науқастарды бірге емдеу үлкен қателік болды
Руслан Меделбек, Прага, Чехия:
Қазір Чехияда, әсіресе Прагада жағдай жақсарды. Карантин шектеулері алынды. Тұрғындар тек метрода ғана маска тағуға міндетті. Бірақ елдің кей аймақтарында вирус тарауы бәсеңдеген жоқ, күніне шамамен 100-130 адамнан вирус анықталып жатыр.
Карантин кезінде маска тағу негізгі ереже болды. Халық түгелдей тәртіпке бағынды. Вирусқа сенбеген, маска тақпаған адам кезіктірмедім. Наурыздан бастап мамырдың ортасына дейін халық биліктің айтқанына толық бағынды. Наразылық білдірген жоқ. Екі ай бойы үй карантинінде болдық. 2 метр арақашықтық қатаң сақталды. Аптасына бір рет дүкенге барып тұрдық. Тек өз аймағымызда ғана жүріп-тұруға рұқсат берілді. Вирус тарауы күшейе бастаған кезде, басқа адамдармен кездесуге тыйым салынды. Дүкендер мен дәріханалар ғана ашық болды. Әркім өз қауіпсіздігі үшін тәртіп сақтады деуге болады. Мәселен, өз басым дүкенге барғанда тек қажетті заттарды ғана алып, тұтынбайтын өнімдерге қол тигізбедім.
Чехияда маска тапшылығынан басқа медицина саласында қандай да бір мәселе: дәрі-дәрмек, ауруханада орын тапшылығы болған жоқ. Себебі тактика дұрыс жүргізілді: тек ауыр халдегі адамдар ғана қабылданды. Вирус дерегі анықталған, бірақ симптомсыз науқастар үйден емделді. Ал Қазақстанда, керісінше, коронавирусқа шалдыққан барлық науқастар ауруханаға жатқызылды. Осы үлкен қателік болды деп санаймын.
Төрт айда жеті аурухана салынды
Руслан Мералиев, Сакария, Түркия:
Маусымнан бері карантин аяқталып, қалыпты өмірге оралдық. Бастапқыда ресторандар, ойын-сауық орталықтарына күніне 10 сағаттан артық жұмыс істеуге тыйым салынды. Кейіннен жағдай жақсарғасын, жұмыс уақыттары ұзартылды.
Алғашқы кезде халық вирусқа сенбей, билік талаптарына бағынған жоқ. Бірақ уақыт өте карантин ережелерін сақтайтын болды. Карантин кезінде маскалар, антисептиктер халыққа тегін таратылды. Әр сенбі мен жексенбі күндері көшеге шығуға тыйым салынды. Яғни демалыс күндері дүкендерге дейін жабық болды. Ережеге бағынбай, сол күндері көшеге шыққандарға 3500 лира (210 мың теңге) көлемінде айыппұл салынатын болды.
Түркияда медицина саласында ешқандай қиындық жоқ. Дәрі тапшылығы болған емес. Елде соңғы 4 айда 7 аурухана қолданысқа берілді. Ыстамбұлда 45 күннің ішінде Еуропадағы ең үлкен аурухана салынып, науқастарды қабылдай бастады. Және Түркия өзінің жергілікті ИВЛ-аппараттарын шығаруды қолға алды. Сол кезде осы аппаратты әлемде үш-ақ мемлекет өндіреді деп естігенмін.
Карантин кезінде жұмыссыз қалған азаматтарға билік тарапынан 1200 лира (72 мың теңге) төленді. Мұнда қайырымдылық фондтары өте көп. Шетелдік студенттерге апта сайын бір жәшік азық-түлік және айына екі рет ақшалай көмек берілді. Сонымен қатар Түркия 128 мемлекетке гуманитарлық көмек жолдады. Оның ішінде 64 ел қайтарымсыз көмекке ілінді. Тізімде Қазақстан да бар.
Билік статистиканы жасырған жоқ
Владислав Хан, Сеул, Корея:
Оңтүстік Кореяда коронавирус бір ғана адам арқылы тарағанын білесіздер. «Пациент-31» деген есім берілген әйел бастапқыда тұмау симптомдарымен ауырған. Бірақ ол дәрігерге қаралудың орнына, шіркеу, өзге де қоғамдық орындарға барған. Бірнеше уақыт ішінде бір ғана адам Оңтүстік Кореяда коронавирустың таралуына «үлес қосты». Дәл осы жағдай кез келген мемлекет үшін карантиннің қаншалықты маңызды екенін білдірсе керек.
- Біріншіден, пандемия басталғалы, елде мемлекеттік ауруханалар саны артты. Барлық адам маска тағып, арақашықтық сақтауға міндеттелді. Тәртіпке бағынбаған тұрғындарға арнайы шаралар қолданылды.
- Екіншіден, мемлекет нақты деректерді халыққа ұсынғандықтан, қоғамда ақпараттық пандемия болған жоқ. Ақпараттық саясатты мықтап қолға алды. Халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Билік статистиканы жасырған жоқ. Бұл да вирусқа тосқауыл болудың жетістігі.
- Үшіншіден, алдымен мемлекет өзін қамтамасыз етіп, сосын ғана өзге елдерге гуманитарлық көмек берді. Латын Америкасы елдері, Ирак, Ауғанстан сынды 18 мемлекетке медициналық құрал-жабдық жолдады. Тағы да 108 ел Кореяның көмегіне мұқтаж. Билік бірінші кезекте елдегі ахуалды реттеп алды. Дәрі тапшылығы, стационарда орын жетіспеушілігі болған жоқ.
- Төртіншіден, мұнда масканы күнделікті тағып жүру таңсық дүние емес. Себебі Жапонияда, Кореяда бұрыннан халық маска тағатын. Сондықтан да бұл – дәстүрге айналды деуге әбден болады. Жұрт карантин талаптарын қатаң сақтайды, билік халыққа жалған дерек ұсынбайды. Осы ережелер Оңтүстік Кореяны өлім-жітімнен сақтап, екінші толқыннан қорғап тұр. Мемлекет тарапынан тиісті шаралар дер кезінде қолға алынбаса, халық ахуалы нашарлап кетер еді.
Жалпы әлем бойынша вируспен күресудің екі жолы анықталған: азиялық және италиялық. Азиялық бағытты ұстанған Оңтүстік Корея вирустың алдын алған мемлекеттер тізімінде көш бастап тұр. Сеулде тұратын отандасымыз, блогер Құлпынай Байтуова да елде карантин талаптары қатаң сақталған, жұрт арасында дүрбелең жоқ дейді.
Әлем және Қазақстан: Бүгінгі ахуал
Әлем бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 14 миллионға жуықтады. 590 мыңға жуық адам ажал құшқан. Вирусты алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді.
Пандемия басталғалы, Қазақстандағы ахуал күрт нашарлады. Ауруханаларда науқастарға орын, дәріханаларда қажетті препараттар тапшылығы жағдайдың ушығуына әкеп соққан. Сарапшылар министрліктің өлім-жітімді есептеу тәсілін сынап, бұл елдегі пандемия жағдайын нақты бағалауға кедергі келтіреді деп санайды.
- Соңғы мәліметтер бойынша, биыл республикада пневмония жұқтырғандар саны 234 мыңнан асса, КВИ-дің 67 мыңға жуық дерегі тіркелген. Денсаулық сақтау министрлігі пневмония диагнозы қойылған науқастардың біразынан коронавирус дерегі анықталған жоқ дейді. Бірақ оларды да COVID-19 хаттамасымен емдеп жатыр.
Қазір елде шілденің соңына дейін карантин. Соған қарамастан, Қазақстан вирус дерегі көп тіркелген 30 мемлекеттің тізіміне енді. Карантин кезінде табыссыз қалған азаматтарға 42 500 теңге әлеуметтік көмек беріледі. Тұрғындар бұл соманың жеткіліксіз екенін айтып, шағымданса, азаматтық қоғам белсенділері «бұл – көзбояушылық, итке сүйек лақтырғандай халықты алдаусырату» деп есептейді.