Маусымның 23-і күні Қазақстан Республикасының экс-премьер-министрі Әкежан Қажыгелдиннің «Политон» бағдарламасына берген сұхбатының жазбаша нұсқасын сайтымызға жариялауды жөн көрдік.
- Әкежан аға, өзіңіз көріп, біліп отырған шығарсыз. Қазір Қазақстанда коронавирус пандемиясы өршіп тұр. Билік бұл індетпен дұрыс күресіп жатыр ма?
- Пандемия деген жалғыз ғана мемлекеттің бас ауруы емес, бүкіл әлемдік мәселе. Бірақ, бүгінгі Қазақстандағы билікке жетіспейтін нәрсе ол шындық. Ең бірінші, халықтан ешнәрсе жасырмай, шындықты айту керек. Екіншіден, шындықты айтатын кезде қолдан келетін дүниелерді ашық ұстау қажет. Шындық болмағандықтан халықтың арасында «ол өтірік екен», «ауру жоқ екен» деген әңгіме болады. Сондықтан індет асқынып бара жатыр. Екінші мәселе, қазір жаңадан ауруханалар салып жатыр. Оның барлығы керексіз. Әрбір қалада спорт кешендері бар. Соларды уақытша аурухана ретінде пайдалану қажет. Шетелдерден бізге жетпейтін құрал-жабдықтарды сатып алып, бірінші кезекте дәрігерлерді қорғау керек. Ертең олар ауырып қалса ауырып жатқан халыққа көмекті кім көрсетеді? Соның барлығын қарағанда, үкімет үндемей жатыр. Президенттің өзі де жоғалып кетті. Халық өзімен өзі, үкімет өзімен өзі. Халықты тастап кеткен сияқты. Жаңадан келген азамат Қасым-Жомарт Тоқаев ертең есін жиып, қолына алатын шығар. Бірақ, ол да ертең Ресейдің тойына бара жатыр. Неге бара жатыр? Елде мынадай дағдарыс болып жатқанда қыдырудың барлығын тоқтату керек. Бар күшті, қаржыны жұмсайтын жер ол бірінші - пандемиямен күресу, екінші - халықты сақтау, үшінші - жұмыссыз қалған азаматтарға көмек жасау.
- Жаңа айтып қалдық қой, «халық вирусқа сенбей жатыр» деп. Қазіргі жағдайда билік халықтың сенімін қайтару үшін не істеуі керек?
- Ең бірінші, Қасым-Жомарт Тоқаев теледидар арқылы немесе басқа ақпарат құралдары арқылы халықтық алдына бетпе-бет шығып, шындықты айту керек. Путин, Макрон, Меркель сияқты өзге елдің басшылары апта сайын шығып халқына жағдайды түсіндірді. Денсаулық сақтау министрі, үкімет басшысы, кезек, кезек шығып, жағдайды айтулары қажет. Ол ең бірінші мәселе. Себебі халық жағдайды біліп отырса, өздігінен сақтанады. Біздің халық оның барлығына дайын халық. Қазір жұрт шындықты білмей отыр. Біресе шық дейді, біресе үйде отыр дейді. Шетелден мынадай құрал-жабдық, дәрі-дәрмек сатып алып жатырмыз, қолымыздан келгенше жұмыс істеп жатырмыз деп халыққа көрсету керек. Ол жоқ. Халық ешнәрсені білмейді. Ең бірінші халыққа шындықты айту қажет.
- Билік экономикалық дағдарыспен күресуге 6 триллион теңге бөлгенін хабарлады. Бұл дағдарыспен күресуге жеткілікті ме? Ол қаржыны экономиканың қай саласына жұмсаған дұрыс?
- Сіз айтасыз, 6 триллион деп, біреу айтады, 13 триллион дейді. Халық арасында әңгіме көп. Тоқаев мырза өзі шығып, біздің бөлгеніміз 6 триллион немесе 13 триллион деп ашық айтуы тиіс. Екіншіден, ол ақшаны тікелей елге тарату қажет. Көп балалы аналар, жұмыссыз қалған азаматтар, соларға жұмсау керек. Олар оны күнделікті тамағына, дәрі-дәрмегіне т.б жұмсайды. Сондықтан ол қаржы үкіметтік қазынасына қайтадан қайтады. Қазір олар қай экономиканы қолдап жатыр? «Қазақ мыс» па, «Қаз цинкке» пе? Үкіметке оларға дәл бүгін көмек жасаудың керегі жоқ. Олардың осы уақытқа дейін жинаған қаржысы шетелдік шоттарда өте көп. Тоқаев мырза жылдың басында «шетелде жатқан қаржылар елге қайтарылуы керек» деп бұйырық берді. Сол бұйырықты ол кісі қолға алып, орындатуы керек. Мемлекет, үкімет басшысы айтқан сөзінде тұрмаса, ешкім оны орындамайды. Айттың ба, орындату қажет. Нұрсұлтан Әбішұлы «біздің қолымызда 99 миллиард доллар бар» деп айтты. Соның барлығын бір қолға әкеліп, Тоқаев мырза халыққа айтуы керек «бұл қаржыны ұстап қалыпты, бұғаттапты» немесе «барлық қаржы келді, Ұлттық Банктің шотында жатыр. Оны дер кезінде халықтың қажеттілігіне жұмсаймыз» деу керек. Екіншіден, 25 жылдың ішінде біздің мемлекеттен ұрланған ақша өте көп. Біреулер айтады ол 175 миллиард дейді, енді біреулер 200 миллиард дейді. Жақында ғана сенат мүшесі «оның барлығын қайтару керек. Үкімет соны қолға алсын» деп сөз сөйледі. Бұл бостан босқа туған әңгіме емес. Ол қоғамда, елдің арасында бар әңгіме. Оны көп жылдан бері оппозиция айтып, көтеріп жүр. Бұны қайтару керек. Мен сізге мысал ретінде бір жағдайды айтып берейін. Бізде Рахат Әлиев деген азамат болды. Жоғары қызметте болды, бірінші отбасының мүшесі болды. Ол заңды да, қолындағы билікті де өзінің пайданысына қолданды. Ол кісі қазір жоқ. Бес жыл бұрын марқұм болып кетті. Бірақ оның артында қалған капиталы өте көп. Ол капитал кімге қалды? Тоқалы Шоразоваға қалды, Дариға Назарбаеваға қалды, Нұрәли Әлиевке қалды. Халықаралық журналистердің ұйымы баяндама жасады. Соған қарасаңыз, Дариға Назарбаеваға тікелей бағынатын 40-қа жуық компания бар. Осының барлығын қайтаруды халық талап етуі керек. Шоразованың екі баласы бар. Біреуі екіге, екіншісі үш жасқа келгенде Рахат Әлиев оларға Кипрден шот ашады да, әр қайсысына 10 миллион еуродан ақша салып қояды. Көп балалы аналар Астанаға барып көмек сұрайды. Ал мына жерде екі-үш жастағы балалардың әрбіреуінде 10 миллион еуродан бар. Бұл бір жерде ғана. Біз шетте жүрген қазақтар бұны жайдан жай қалдырмаймыз. Біз Шоразованы, Дариға Назарбаеваны, Нұрәли Әлиевті Рахат Әлиевтің отбасы ретінде магнитский заңына сәйкес тізімге қоспақшымыз. Сонда олардың тығылып жатқан мүліктері, шоттарды бұғатталады. Ол қаржы халықтың қолына жете ме, жетпей ме ол жағы белгісіз. Оның барлығы халықтың қолында. Халық өзі қайтарыңдар деп талап етпесе қалады...
- Жаңа айтып қалдыңыз, экономикалық дағдарысқа бөлінген қаржыны тікелей халыққа беру керек деп. Бірақ, бұған дейін болған 42500 теңгенің дауы бар ғой. Оны қайталамас үшін не істеу керек?
- Оның екі-ақ жолы бар. Халық өзі айтады менің мына банкте шотым бар, соған аударыңдар деп. Немесе бізде Халық Банк деген ең үлкен банк бар. Онда халықтың 70 пайызының шоттары бар шығар. Тікелей сол жаққа, халықтың шотына аудару қажет. Бұны бір аптады жасайтын дүние. Оны үш-төрт айға созатын мәселе емес. Ақаша бар. Жоқ десе, тауып береміз. Үкімет бүгін ақша жоқ дегенге сенбеңіздер. Ақшалары бар, тығылып жатыр шетте, дұрыс қолданылмай жатыр. Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қолындағы билікті дұрыс қолдануы керек. Халық жағына шығуы тиіс. Бұл жалғыз аудан, қала немесе облыс емес, бүтін қазақ елі апаттық жағдайда. Сондықтан көмек жасау керек.
- Жанболат Мамай бастаған Демократиялық партия халыққа несиелік амнистия жариялау жөнінде бастама көтерді. Бұл қаншалықты дұрыс бастама деп есептейсіз. Оны жүзеге асыру үшін қандай кеңес бересіз?
- Бізде мемлекетке берешек банктер бар. Ал оларға берешек қазақ халқы бар. Бірақ, мемлекеттің қолындағы қаржы мемлекеттікі емес, елдің ақшасы. Үкіметте ақша болмайды, ол оны уақытша пайдаланады. Бір жағынан үкіметке банктер берешек, бір жағынан 6 миллион адам берешек. Сондықтан үкімет күделікті өсетін пайыздық үстемені тоқтатуы керек. Екіншіден, арнайы комиссия құрып, барлық қаржыны бір жерге жинап, төлей алам ма, жоқ па қарауы тиіс. Осыдан кейін комиссия өзінің қорытындысын үкіметке, орталық банкке, президентке апаруы керек. Меніңше, 6 миллион адамның көбісі амнистияға жатады. Олар қарызды қайтара алмайды. Себебі соңғы жылдары үкімет дағдарысты көрсете алмай, шынайы экономикалық жағдайды айта алмай халыққа несие берді. Халық сонымен күнін көрді. Бірақ ол банктің өзінің ақшасы емес. Ол мемлекеттен, үкіметтен келген көмек. Сіздің оң жақ қалтаңыздағы ақша банк арқылы сол жақ қалтаңызға берілді. Бұны шешетін үкімет. Солардың парызы, міндеті. Ең бастысы президент. Соны бақылауына алып, тексеріп, шешуі керек. 6 миллион адамның отбасымен қосқанда 17-18 миллион азамат. Бұл бостан бос ұмыта салатын жағдай емес. Бұл пандемиямен қатар шешуді талап ететін мәселе.
- Бірақ саясаткерлердің арасында «несиелік амнистия папулистік бастама» деп айтып жүргендер бар. Бұған не дейсіз?
- Экономикалық дағдарыс, пандемия кезінде халық жағына шығу папулизм, ол рас. Бірақ бұл жағымсыз сөз емес. Бұл халықтың жағына шығу, соның сөзін сөйлеу деген мәселе. Ол жағынан мені папулист десеңдер, мен папулист болуға дайынмын. Үкімет халықтың құлы. Ол күні, түні папулист болуы қажет. Осы жолы байлардың жағына шықпай, халықтың жағына шығуы керек. Ол байлардың бізге, елге, мемлекетке көмегі шамалы. Олар салықты төлемейді, бар байлығы шетте, сол жақта жасайды тіршілігін. Олардың қамын ойлаудың қажеті жоқ. Амнистия жасап қаржыны қайтару керек. Келесі жолы сайланамын деп ойлап жүрсе, Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін халықтың жағына тұруы керек. Ешқандай кітапхана болмауы қажет. Тек қана халық және халықтың президенті.
- Қазір халық арасында «пандемиядан кейін не болады?», «алдағы уақытта Қазақстандағы саяси жағдай қалай болады?» деген сұрақтар көп. Сіздің ойыңызша, экономикалық дағдарыстың соңы саяси өзгерістерге алып келе ме?
- Халық ұйымдасып, бірігетін болса, бәрін өзгертуге жағдайы бар. Оның үстіне шетте жанжалдар көбейеді. Тығылып жатқан ақшалардың мәселесін біз көтере береміз. Халық қайтар деп талап ететін болса, онда көп нәрсе өзгереді. Мына пандемия мен дағдарыстан басымызды аман алып шықсақ, ертеңгі күні жұмыс, табыс, тұрмыс, балаларды оқыту, оларды жұмысқа орналастыру мәселелері көбейеді. Жыл сайын 300 мың жас жұмыс іздейді. Біз оларға қандай жұмыс береміз? Базарда жүк тасымалдайтын, велосипедпен тамақ тасыйтын жұмыс береміз бе, жоқ әлде индустрияны дамытып, жақсы жұмыс береміз бе? Не дамимыз, не артта қаламыз. Маңайымызда үлкен, үлкен алыптар бар. Кеше ғана үндемей отырған олар, бүгін біздің жерге талаптарын қояды. Оны жасырмай, ашық айта береді. Біз оған қарысы наразылық білдіреміз. Бірақ мен сізге айтайын, біз егемендігімізді сақтап, қазақ халқы ретінде қаламыз десек, онда біз күшті болуымыз керек. Қолда қуат болу қажет. Елдің қолындағы ең үлкен шоқпар ол – үкімет. Сондықтан ел үкіметті қолдануы керек. Үкімет елді емес. Бізде жағдай басқаша. Бұл жүйені өзгертпей, ештеңе өзгермейді.
- Соңғы бір жылда сіз президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа түрлі кеңестер айттыңыз. Сіздің бұл ұсыныстарыңызға билік құлақ асты ма, сізбен кері байланыс орнатты ма?
- Тоқаев мырза жалғыз өзі шынында да билікте отыратын болса, ол маған шығар еді, хабарласар еді, жүздесер еді, біз ақылдасар едік. Ол сөзсіз. Қасым-Жомарттың ең үлкен бас ауруы кітапханада. Нұрсұлтан Назарбаев амнистияны өзі жариялауы керек. Бұл ол кісінің артынан қалдырып бара жатқан үлкен дағдарысы. Оны оны Каримов сияқты өзі шешіп кетуі керек. Бұл мені мен сіздің арамыздағы қарым-қатынас емес. Бұл халық пен үкіметтің арасындағы әңгіме. Кім, не айтады, кімнің қолынан не келеді? көреміз. Халық бәрін біледі. Халықты надан, ештеңе білмейді деп ойлаған адамдардың өздері надан. «Хабар», «КТК», «Караванмен» халықты алдай алмайсың. Оған әуреленбеңдер. Жүйені өзгертетін кез келді. Жүйені не биліктің өзі өзгертеді, не халық өзгертеді. Өзгертетін жастар өсті. Он жыл бұрын ондай жастар болған жоқ еді. Мына жастардың барлығы шетке көшіп кете алмайды. Осы жастар өзгертеді дегенге мен сенемін. Тоқаевтың әлі уақыты бар. Мінезін, қаруын көрсететін болса, бәрі болады. Жоқ болса, бәрі басқаша өзгереді.
- Тоқаев осы бір жыл ішінде өзі уәде берген саяси-экономикалық реформаларды жасады деп айтуға келмейді. Осыдан кейін де Тоқаев өзгеріс әкеледі дегенге сенесіз бе?
- Мен Тоқаевтың сана-сезіміне сенбеймін, мен жағдайға сенемін. Себебі 90-шы жылдары Нұрсұлтан Назарбаев өзгеріске дайын болған жоқ. Біз егемендік алған күні ол шошып оянды. Ертең Мәскеусіз, Кеңес Одағынсыз мынаны қалай алып жүремін деді. Білім жоқ, тәжірибе жоқ, бюджеттің не екенін білмейді. Қанша дегенмен коммунистік партияның функционері болды ғой. Бірақ, құдайға шүкір, біз әжептәуір қызмет істеп осы күнге жеттік. Егер халық, қоғам бірігіп, талап ететін болса, онда Тоқаев сөзсіз бірдеңе жасауға мәжбүр болады. Жоқ болса, басқа адамды сайлау керек. Келешекте екі сайлаудан кейін ешкімге билік бермеу қажет. Парламенттік басқару жүйесіне көшу керек. Сонда халықтың әрбір сұрағы, мүддесі, талабы билікке жетіп отырады. Бірақ ол үшін Конституцияны өзгерту қажет. Алдымен билікке жетейік, содан кейін жағдайды өзгертуге жетеміз...
-Сұхбатыңызға рақмет!