АҚШ-та ереуілдердің жаңа толқыны белең алуда. Белсенділер қара нәсілді Рейшард Брукстың өліміне қатысты тергеу ісіне көңілдері толмайды.
12 маусымда Рейшард Брукс Атланта қаласында полиция қызметкерінің қолынан қаза тапқан. Қара нәсілді азамат полицейлердің ұстау кезінде алған жарақатынан көз жұмды. Полицияға дәмхана өкілдері қоңырау шалып, ғимаратқа кіретін жолды бір көлік бөгеп тұрғанын жеткізеді. Тәртіп сақшылары келгенде көлікте ұйықтап қалған мас жүргізушіні көреді. Алайда 27 жастағы Рейшард Брукс полицейлерге берілудің орнына қолына электрошокер алып, қашуға тырысқан. Оқиғадан кейін афроамерикандық азаматқа қару қолданған офицер қызметінен кетті. Алайда наразы жұртты бұл шешім қанағаттандырмай отыр. Ашуға бой бергендер шаһар көшелеріне шығып Брукс отырған мейрамхананы өртеп, тәртіпсіздік орнатқан.
Бұған дейін афроамерикалық Джордж Флойдтың қазасынан кейін АҚШ-та ірі ереуілдер орын алған болатын. 25 мамырда Миннеаполис қаласында 46 жастағы Джордж Флойд полицей өкілдерінің көз алдында жан тапсырған. Дүкен кассирі марқұм жалған банкнотпен есеп айырыспақ болды деген уәжбен полиция шақырады. Артынша оқиға орнына келген тәртіп сақшылары күдіктінің қолына кісен салғаннан кейін офицерлердің бірі оның желкесін аяғымен 7 минуттай басып тұрған. Дауысы қарлыққан афроамерикалық өзінің дем ала алмай жатқанын айтады, бірақ оған полицейлер құлақ аспаған. Осыдан кейін «Мен тұншығып қалдым!» тіркесі шерудің басты ұранына айналған.