Солтүстікамерикалық үшжақты комиссияның – саяси және іскер көшбасшылар, ғалымдар мен журналистердің кездесуінде АҚШ-тың Азиядағы ықпалының төмендей бастағаны жайлы пікірлер айтылды. Дәл осы тақырып жөнінде бірнеше сараптама, гипотезалар айтылып та, жазылып та жүр. Қазіргі уақытта әрбір азиялық елдің Америкадан гөрі Қытаймен сауда-саттық, дипломатиялық байланыс пайызының жоғары екенін ескерсек, 45-ші президент Дональд Трамп тұсында Құрама Штаттарының Азиядағы лидерлік бағыты құрдымға кетті деп есептейтіндер, бұған алаңдаушылық білдіретіндердің көбеюі қалыпты. Осы мәселе жөнінде және Азиядағы «Трамп эпохасы» жайлы Гарвард университетінің профессоры, саясаттанушы Джозеф Найдың мақаласына зер салайық.
Тарихқа шолу: 1972 жылы президент Ричард Никсон бір жақты тәртіпте Американың одақтастарына қарсы экономикалық тарифтер енгізді, Халықаралық валюта қорының ережесін бұзды және Вьетнамда соғыс бастады. Терроризм ықтималдығы туындап, сарапшылар демократияның болашағына қатты алаңдаушылық білдірді. Келесі жылы Дэвид Рокфеллер мен Збигнев Бжезинский үш жақты комиссия құрды. «Параллель» дипломатияға қарағанда, аталған комиссияның басқару саясатындағы нәтиже айтарлықтай болды.
Сингапурде өткен жиында «Трамптан кейінгі Азия» дискуссиясында тараптар ортақ консенсусқа келе алмады. Мысалы, Үндістан мен Қытай өкілдері Қытайдың «Бір белдеу бір жол» инфрақұрылымдық жобаларына қатысты әртүрлі позиция ұстанды. Кейбір азиаттар мен америкалықтар Кореядағы ядролық дағдарысқа АҚШ нүкте қояды деген тұжырым жасады. Ал Еуропа сарапшылары Америка-Қытай сауда соғысы аяқталмаса, «Азиядағы үстемдікке екі ел де ие бола алмай қалуы мүмкін бе?» деген сауал қойды.
Менің ойымша (Джозеф Най – ред.), АҚШ Трамп дәуірінен кейін өз көшбасшылығын қалпына келтіре алады. Басқаша айтқанда, АҚШ трансұлттық проблемаларды – монетарлық тұрақтылықты, климаттың өзгеруін, терроризм мен киберқылмыс мәселелерін шешу үшін Қытай, Үндістан, Жапония, Еуропа және басқа да елдермен ынтымақтасуға мүмкіндік беретін желілер мен институттар құру үшін «жұмсақ күш» саясатын пайдалануы тиіс. Қытайға келер болсақ, Трамп президенттікке қайта сайланған жағдайда да негізгі артықшылықтарын сақтайды.
Бірінші артықшылық – демография. Біріккен Ұлттар ұйымының деректеріне сәйкес, АҚШ 2050 жылға қарай халықтың жаһандық өсуіне ықпал ететін жалғыз дамыған ел болады. Қазіргі уақытта ең тығыз орналасқан ел – Қытай мен Үндістан. Бірақ араға жылдар салып бұл статистикада Америка көш бастайды.
Екінші артықшылық – энергия. Он жыл бұрын АҚШ энергия импортына тәуелді еді. Мұнай дамуы арқасында Америка энергия импорттаушыдан экспорттаушыға айналды. Енді таяу онжылдықта Солтүстік Америка өзін-өзі қамтамасыз ете алатын деңгейге жетеді, ал Қытай энергия импортына тәуелді болады.
Технологиялық даму АҚШ-тың үшінші артықшылығы саналады. Ел билігі биотехнология, нанотехнология, жасанды интеллект және ақпараттық технологияларды дамытуға көп қаржы бөледі. Сарапшылардың пікірінше, Қытай әлеуетінің жақсарғанына қарамастан, АҚШ осы технологияларды зерттеу, әзірлеу және коммерцияландыру саласында әлемдік көшбасшы болып қала береді. Зерттеу базасы тұрғысынан Американың төртінші артықшылығы оның жоғары білім беру жүйесінде. Shanghai Jiatong University анықтаған рейтингке сәйкес, әлемнің 20 үздік университеттерінің 16-сы АҚШ-та, ал Қытайда бірде-бірі жоқ.
Бесінші, артықшылық – Трамп эрасымен тұспа-тұс келген доллардың рөлі. Әлемдік үкіметтер ұстап отырған шетелдік резервтердің тек 1,1% -ы ғана юань, 64%-ы доллар. Халықаралық валюта қоры доллар деңгейі төмендейді десе де, юаньнің халықаралық төлемдердегі үлесі азайған. Сенімді резервтік валюта мығым капитал, адал үкімет пен заңның үстемдігіне байланысты қалыптасады. Демек, жақын болашақта қаржылық даму жағынан Қытай озық болмайды.
Алтыншыдан, АҚШ-тың географиялық артықшылықтары Қытайдан едәуір жоғары. Трамптың қате саясатынан Солтүстікамерикалық келісім үзілсе де, Канада мен Мексиканың достық байланысына нұқсан келмеді. Екінші жағынан, Қытайдың 14 елмен, атап айтқанда, Үндістан, Жапония, Вьетнаммен аумақтық дауы мәселесі әлі күнге дейін жалғасып келеді. Бұл Қытайдың «жұмсақ күшін» шектейді. Географиялық жағынан Қытай Оңтүстік Қытай теңізіндегі жер үсті демонстрацияға ие болса да, АҚШ-тың аумақтық наразылықтары. Америка әлемдік мұхиттардан қалған 95%-дан астам артықшылыққа ие.
Қанша жерден екі ел арасында қақтығыстар орын алса да, соғысқа ұласпайды. Америка да Қытай да басқа мемлекеттер үшін экзистенциалды қауіпке ие емес. Бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанда, 1900 жылы Германия Ұлыбританиядан асып түсті және британдықтардың бойында немістерге де қорқыныш пайда болды. Ал Уашингтон мен Бейжіңде мұндай қорқыныш жоқ.
АҚШ жоғарыда сипатталған билік артықшылықтарын ғана емес, Жапония және Оңтүстік Кореямен ынтымақтастық байланысын теңдей сақтап отыр. Солтүстік Корея көшбасшысы Ким Чен Ынмен болған кез-келген келіссөздерде Трамп Кимнің режиміне қарсы тұруы тиіс. Сол кезде Американың Азиядағы ықпалын одан ары арттырады.
Автордан постскриптум: Сингапурде мен Ли Куан Ю мырзадан «Қытайдың АҚШ-ты басып озуы мүмкін бе?» деп сұрадым. Ол «мүмкін емес» деп жауап берді, себебі Қытайда 1,4 миллиард талант бар болса да, АҚШ билігінің ашықтық саясаты Қытайға қарағанда шығармашылық әлеуеті зор 7,5 миллиард таланттың басын қосты. Егер дәл осы саясат сақталса, Америка тек Азия ғана емес, басқа аумақтарға да көшбасшылық етеді.
Джозеф Най АҚШ-тың қос Кореяға ықпалына ерекше тоқталып өткен. Ал Орталық Азияда Америкаға қарағанда, Қытай ықпалы басым дейді. Себебі Қытай Орталық Азиядағы елдерге «жұмсақ күш» арқылы ықпал етіп отыр. 1991 жылы Совет Одағы ыдырағаннан кейін Орталық Азия елдері маңызды стратегиялық аймаққа айналды.
Кеңес дәуірі кезінде Мәскеудің Орталық Азия елдеріне ықпалды болғаны даусыз. Бірақ 1991 жылы Орта Азияның бес мемлекеті тәуелсіздік алғанда, бұл аймаққа өз ықпалын танытуға үміт артушы Ресейге бәсекелес тағы екі алып ел – Қытай мен Құрама штаттар қосылған. Мәскеу, Бейжің, Уашингтон Орта Азия елдеріне саяси, экономикалық және әскери себептер арқылы әсер еткісі келеді. Әлемдегі мұнай компанияларының аймақтағы мұнай мен газ саласы үшін бәсекелестіктің туындауы да аталған үш алпауыт арасындағы саяси ойынды арттырды. Кеңес одағы кезінде Орта Азия Ресей бақылауында болса, кейіннен Америка компаниялары бұл жарыста басты ойыншыға айналды: Орта Азиядағы мұнай кеніштерінде мұнай-газ өнімдерін дамыта бастады. Одан кейін таяуда бұл аймаққа ақырындап қытайлық нысандар да орныға бастады. Найдың пайымдауынша, егер Америка жоғарыда аталған артықшылықтарды ұтымды пайдалана алатын болса, жалпы Азиядағы үстемдігі жоғарылайды.