Германия Екінші дүниежүзілік соғыстан бері болмаған дағдарысты бастан кешіп жатыр. ARD телеарнасына сұхбат берген канцлер Ангела Меркель осылай деп мәлімдеді.
Дағдарыстан шығу мақсатында 130 миллиард еуро бөлінеді және Үкімет бизнеске қолдау көрсетеді. Меркель сөзінде: «Біз ГФР тарихындағы ең ауыр экономикалық жағдайды бастан кешіріп жатырмыз. Экономиканы ынталандыру үшін көптеген шара қабылданады. Шағын мен орта бизнеске және мәдениет саласына көмек беруді көздеп отырмыз. Экономиканы тезірек қалпына келтіру үшін жарты жылға қосылған құн салығының мөлшерін қысқартуды шештік. Өйткені салықты бәрі төлейді ғой. Бұл тұтынушыларға да, жалпы бүкіл экономикаға оң әсерін тигізеді», – деді.
Жоспар бойынша, карантиннен ең қатты зардап шеккен салаларға, атап айтқанда туризм мен қоғамдық тамақтану салаларына жәрдем беріледі. Бұл мақсатқа 25 млрд еуро бөлу қарастырылған. Сондай-ақ жарты жылға қосылған құн салығының мөлшері 19%-тен 16%-ке азайтылады. Отбасыдағы әр балаға 300 еуродан жәрдемақы төленеді. Үкімет бизнес пен тұрғындардың жағдайын жақсарту үшін электр қуатының бағасын да арзандатады.