Ойлап көріңіз, егер сіз бұған дейін бұл сұрақ туралы ойланған болсаңыз, ерінбестен тағы бір рет ой жүгіртіңіз: расында бұл ақпараттық дәуір ме, әлде біз осы өмірімізді ырықсыз түрде «ақпараттандырып» жатырмыз ба?
Сіз әр күні өзіңіз қаласаңыз да, қаламасаңыз да түрлі ақпараттарға ұшырасасыз. Әлде бір интернет басылымнан мағыналы, қажетті ақпаратты я болмаса танымдық мақаланы оқып отырып та сіз қажет етпеген жарнамалық информацияларға тап болып жатасыз. Теледидарды, газет-журналдар мен өзге ақпарат құралдарын айтпаған күнде, кейбір информацияларды сіздің жақын достарыңыз, таныстарыңыз, туыстарыңыз жолдап беріп жатады. Сіз таң атқаннан кеш батқанға дейін қажетті-қажетсіз ондаған, жүздеген ақпаратқа ұшырасасыз. Сонда, осының бәрі кімге, неге керек?
Әдетте, информацияны көп білуді білімділік санайтын адамдар да бар. Алайда, қаншалық көп жаңалық оқып немесе көрген сайын дүниеге деген танымыңыз бұрмалана бермек. Бұны Калифорния университетінің әлеуметтанушылары да дәлелдеген. Эписон Холмен бастаған зерттеу нәтижесі жаңалықтардың адамдардың танымын бұрмалаудағы ықпалының орасан зор екенін көрсетті. Осы зерттеу нәтижесінде BBC Future арнайы мақала да ұсынған.
Батыс елдерінде ақпараттың құны бізден әлде қайда жоғары екені мәлім. Соған сай, ақпараттардың жигілі де бізден әлде қайда көп. Шетелдік ықпалды ақпарат құралдарын қарап отырсаңыз қандай да бір оқиға, саяси өзгерістер біздегідей тек бірер күннің ғана маңызды тақырыбы болып қана қалмайды. Оны апта бойы, ай бойы, тіпті жыл бойы тақырыптан қалдырмай қадағалап, даму процесін көрсетіп отырады. Бір реткі теракт немесе ұшақ апатының жиі және ұдайы жаңалықтардан беріле беруі қоғамдағы осы оқиғаға деген үрейді күшейтіп, нақты ситуацияға деген танымды бұрмалап жібереді.
Аталған университет жүргізген зерттеу нәтижесіне сай, жаңалықтар жай ғана журналистердің тауып шыққан қызықты, маңызды оқиғалары ғана емес, оның адамдардың сана-сезіміне сіңіп өмір сүру дағдысынан тартып, елдің экономикасына дейін әсер етеді. Тіпті, жаңалықтардың шырмауына түсе беру, күн сайын толып жатқан қажетті-қажетсіз ақпараттарды көру, оқу, тыңдау адам денсаулығына зиян келтіреді, бірақ ол қысқа уақыт ішінде біліне қалмайды. Бірнеше жыл бойы толассыз ақпараттармен ұшырасқан адамның жүйке жүйесінен тартып, ішкі ағзаларына дейін сырқаттарға шалдыққаны белгілі болатынын зерттеулер нәтижесі дәлелдеген.
Адамдардың ырықсыз түрде «ақпараттануын», ақпараттардан соншалықты зардап шегуінің себебін оқымыстылар адам психологиясының табиғи кемшілігі ретінде қарастырады. Айталық, адам жеке тұлға ретінде де негативке жақын болады. Айталық, қоғамда жағымды жаңалықтардан көрі жағымсыз, үрейлі, қауіпті нәрселерге қатысты жаңалықтар тезірек таралады. Мысалға Covid-19 вирусы туралы айтайық. Статистикаларға қарағанда, қауіпті вирус туралы алғаш айтыла бастағанда екі ай бойы вирус туралы жаңалықтар көрілім рекордтарын жаңартып тұрған. Демек, қоғам жаппай осы індет туралы ақпараттарға ден қойған. Үрейлі, қауіпті індет туралы ақпаратты барынша қалт жібермеуге тырысқан. Оның арасында үкіметтердің ресми мәліметтері де бар. Міне, осының өзі де көп сөзге дәлел бола алады. Қазір, вирус туралы ақпараттың кең тарағаны сонша, оның шығуы, таралуы, қауіптілігі туралы толып жатқан күдікті тұжырымдар пайда болды. Нәтижесінде адамдар вирустың қауіптілігіне деген әуелгі түсініктен ажырап, керісінше үкіметтердің, «көзге көрінбейтін әлемдік билеушілердің» әрекеттері туралы көбірек айтатын болды.
Біздің сізбен талқылап отырғанымыз ресми БАҚ-тың қажетті ақпараттары жайында емес. Керісінше, сізге күн сайын түрлі ақпарат көздерінен (оның ішінде фейктер де бар) келетін негативтерге, арандатуға, насихаттарға толы информациялар жайында. Әдетте, саясатта да адамдардың негативті жаңалықтарға көбірек назар аударатынын пайдаланып, астарында өздерінің нақты мақсаттарын жүзеге асыру сынды саяси әдістер қолданылып жатады. Мысалы, қазақ жерін шетелдіктерге жалға беру, сату деген тақырыптарды тастап қойып, қызу талқы астарында өзге заңдарды қабылдап үлгіретіні секілді.
Біздің жаңалықтарды қабылдау ерекшелігіміз де көптеген нәрсенің бұрмалануына әкеліп соғады. Айталық, сізге бір дәріні жарнамалаған адамдар оны «95 пайыз нәтиже береді» деп айтса сіз оны сатып алуыңыз мүмкін. Ал, егер «бұл дәрі жүзде бес пайыз нәтиже бермейді» десе сіз оған күмәнмен қарайсыз, анығында екеуі бір сөз. Сол секілді, «кезекті теракты ДАИШ (шектелген террорлық ұйым) жасаған» деу мен «бұл шабуылды жергілікті бөлшектеуші исламшыл қарулы топтар жасады» деген екі сөздің аудиторияға ықпалы орасан үлкен парық тудырады. ДАИШ-тың жергілікті террорлық ұйым екені онсыз да белгілі, теріс ағымдағы исламшылдар екені де рас. Бірақ, екі түрлі айтылу аудиторияға екі түрлі әсер етеді. Біріншісі нақты ұйымды айтса, екіншісінде ислам мен мұсылман елдеріне деген түсінікті бұрмалай түседі.
Сүрия туралы біз көбіне көп атыс-шабыстарды, қақтығыстарды көріп келеміз. Өзіміз де анық түсіне бермейтін қарулы топтар арасындағы қақтығыстардың сол елде миллиондаған босқындарды шетел асырғанын естіп жатырмыз. Бұл жерде біз Сүрия туралы айтылған жаңалықтардың бәрі өтірік деген сөзді айтып отырғанымыз жоқ. Иә, Сүрияда қарулы қақтығыстың болғаны, ел билігінің әлсірегені шын. Алайда, елдің ең негізгі туристік аймағы салыстырмалы түрде тыныш болды. Бірақ, Сүрия туралы толып жатқан жаңалықтар оған баратын туристерді кескін қысқартты, нәтижесінде Сүрия жылына тек қана туризмнен табатын 3 млрд доллардан қағылды. Егер, шетелдерде Қазақстандағы тек қана негативті жаңалықтар туралы хабарланатын болса, бізге де ат ізін салушылар жоқ болар еді. Ал, негативті жағдайлар барлық елдерде бар. Міне осының өзі де жаңалықтардың адамдар санасына қалай әсер ететінін көрсетсе керек.
2012 жылғы зерттеу нәтижесінде күнделікті өмірде тек негативті жаңалықтарды ғана көретін адамдардың күйзеліске шалдығып, соңында психикасындағы дерт физиологиялық дертке ұласатынын дәлелдеді. Негативті жаңалықтардың кері әсері ерлерден көрі әйелдерге көбірек әсер ететініне де мәлім болған.
Сұрақтарға жауап іздеп тағы да тереңдей түсуге болар еді. Бірақ, бұның өзі де сізге кері әсерін тигізбес үшін бұл туралы сөзді осы арада түйіндейік. Бұл сөз сізге мүлде ақпаратқа, жаңалықтарға назар аудармаңыз деген сөз емес. Тек, өз өміріңізді қажетсіз, пайдасыз ақпараттар мен артық негативтің зардабынан қорғай біліңіз.