ДДҰ сәрсенбіде ауқатты-дамыған мемлекеттердің шектеу шараларын босаңсытып жатқанына қарамастан, көптеген кедей елдерде коронавирустың таралу үдерісі үдегеніне алаңдайтынын мәлімдеді.
Ұйымның дерегінше, әлем карантинді әлсіретіп жатқан кезеңде, нақтырақ айтқанда 19 мамыр күні COVID-19 вирусын жұқтырған науқастар саны рекордтық көрсеткішке жеткен. Небәрі бір тәулікте бұрын-соңды тіркеліп көрмеген 106 мыңнан астам жұқтыру фактісі анықталған.
ДДҰ-ның басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус баспасөз жиынында «Бұл індетті еңсеруде алдымызда әлі талай жол бар» деді. «Бізді табысы орта және кедей елдердегі аурудың өршуі қатты алаңдатып отыр» деген ол кейстер санының 5 миллионға жетуін трагедия деп атады.
Былтыр жаңа жыл қарсаңында Қытайда тіркелген «коронавирус туралы ақпарат жеткілікті берілмегенін» айыптап, екі жарым айдан соң 11 наурызда жаһан көлеміндегі пандемия ретінде «кешеуілдеп» жариялануын Бейжіңмен байланыстыратын АҚШ президенті Трамп ұйымға қарсылығын білдіріп хат жолдаған. Тедрос Трамптан хат алғанын растады, бірақ аталған мәселеге түсінік беруден бас тартты.
Тедрос әлем аузына қараған ұйымның індеттің мотиві бойынша толық есеп беруге дайын екенін хабарлағанымен, нақты уақытын айтпады.
Ал ДДҰ-ның ТЖ жөніндегі бағдарламасының директоры Майкл Райан «мұндай бағалау әдетте төтенше жағдай аяқталғаннан кейін өткізілетінін» айтты.
«Қазір өзара айтысып-тартысқаннан гөрі мен індетке қарсы әрекетке көңіл бөліп, эпидемияның бетін қайтаруға, сенімді вакцина жасап-таратуға, эпидбақылауды күшейтіп, адамдардың өмірін құтқаруға, қоғамдық қызметкерлерге қорғаныс құралдарын мейілінше көбірек әзірлеуге ден қоюды жөн санаймын. Қарқыны бәсеңдемей тұрған індеттің жағдайы нашар босқындар мен мигранттарға тигізетін кесірі ауыр. Сондықтан дереу бірігіп жұмылуымыз керек», – дейді Райан.
Тедрос көптен бері ұйымды қаржыландырудың басқа да көзін іздеп келе жатқанын айтады. Оның сөзінше, 2,3 миллиард доллар қаражат әлемдік агенттік үшін аздық етеді, бұл тіпті дамыған елдердегі орта санаттағы аурухананың бюджетіне шақ.
Бұған дейін Ақ үй басшысы Трамп бастаған ағылшын текті елдердің бірқатары «ДДҰ-ның пандемияға қатысты өз уақытында қозғалмағанын, жағдайды дұрыс бағамдап, дер кезінде ақпараттандырмауын айыптап, қытайшыл» деп бағалаған. Тіпті апта басында жылына 400-500 млн доллар көлемінде қаржы бөлетін Уашиңтон алдағы уақытта қаржыландыруды қысқартатынын, қажет болса мүлдем тоқтататынын айтып сес көрсеткен.
Бүгінгі таңда қауіпті кеселді жұқтырған науқастардың саны 5 млн-ға жетті. Оның 327 мыңнан астамы ауруынан айғы алмай, қайтыс болған. Сонымен қоса монитриң жүргізуші ұйымдар 2 млн-ға жуығы сауыққан деседі. Мамыр айы басталғалы бері күніне кем дегенде 74 мың адам тіркеліп отыр. Қазақстан қазіргі жағдай бойынша кейстер, яғни вирус жұқтырғандар саны 7 мыңға жуықтады, әлемде 57 орында тұр.