Орыс тілді медиа ресурстарға жиі сұқбат беретін мемлекет басшысының ТАСС ақпарат агенттігі және «Егемен Қазақстан» басты мембасылымға берген сұқбатында айтылған антипандемия пакетінің сомасы қоғамда зор резонанс тудырып, оның схемасына күмәнданушылар мен банк секторына берілуіне наразылар қатары артып келеді.
Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев билік басылымы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұқбатында («Еліміз бұл қиындықтан шыңдалып шығады» деген тақырыпта – ред.) алғаш рет коронавирус індетіне және салдарынан туған дағдарысқа қарсы күресуге 6 трлн теңге (13 млрд доллардан астам – ред.) бөлінгенін мәлімдеді. Бұл ІЖӨ көрсеткішінің 8%-ына тең.
Бұрын-соңды жұмбақ болып келген қаражаттың көлемі және оның жұмсалуы қоғамда үлкен дау туғызуда. Азаматтық қоғам белсенділері мен оппозициялық топтардың өкілдері «6 трлн теңгенің ашық есебін беруді және жалпыхалықтық несие амнистиясын» талап етіп отыр.
Сейсенбі күні жарияланған мақалада Тоқаев «...Дағдарысқа қарсы шаралар үшін 6 триллион теңгеге жуық қаржы бөлінгенін білесіздер» дей келе жалпы соманың жігін ажыратып, тарқатуға тырысады. Мемлекет басшысының есебінше:
- «Ең алдымен, жұмыссыз қалғандарға 42 500 теңге мөлшерінде төлем жалпы 4,2 миллион адамға берілді» 420 х 2 ай = 840 млн доллар;
- «1 миллиондай мұқтаж жан азық-түлікпен және қажетті заттармен қамтамасыз етіледі»;
- «Биыл көктемгі егіс науқанына және өнімді алдын ала сатып алуға» 200 млрд теңге = 465 млн доллар;
- «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының қаржысы 1 триллион теңгеге дейін көбейтілді, бұған 250 мыңнан астам жұмыс орны ашылады».
Ал Демпартия құруға талпынған бастамашыл топтың жетекшісі Жанболат Мамай аталған жұмыс орындарының «уақытша» әрі тиімсіз екенін айтады. Оның сөзінше, індет кезеңіндегі медициналық қызметтер мен құралдарға 300 млн доллар, медицина-қауіпсіздік қызметкерлеріне мен ауруханаларды жақсартуға 300 млн доллар қаражат бөлінген.
Сондай-ақ Мамай «соңғы 12 жылда Қазақстан банктерін сауықтыруға ешқандай қайтымсыз 5 трлн теңге» бөлінгенін алға тарта отырып, бұл жолы да «элиталы топтар иелік ететін банктерге үлестіреді» деп алаңдайды. Ақшаны халық қарызын көбейтуге емес, жеке тұлғалардың жағдайын жақсартуға бағыттау керек деген ұстанымдағы Демпартия басшысы өзінің тұжырымын Ерлан Қарин, Дәурен Абаев т.б. кез келген ірі лауазымдағы шенеуніктермен пікірталаста дәлелдеп бере алатынына сенімді. Ол «Біз қазақстандық бірде-бір банкке мемлекет тарапынан қаржы бөлінуіне қарсымыз, мұндай әрекет нарықтық экономикаға жатпайды» деп санайды.
АҚШ тәжірибесіндегі коронавируспен және дағдарыспен күресуде қолданылатын ашық есеп беру механизмін үлгі етеді. Оның ойынша, «қарапайым азаматтардың несиесіне бір реттік амнистия жариялау қажет, оған мемлекеттің шамасы» жетеді. Қаржы бөлінісіне күмәнмен қарайтын Мамай «Халыққа 42,5 мың теңгелік тамшыдай көмек беріп, өздері миллиардтаған қаржыны қалтасына баспақ» дейді.
Саясаткер «әр қазақстандық отбасыға орта есеппен 200 мың теңге беру керек» деген талабын көптен бері айтып келеді. Тіпті ТЖ режимі аяқталған соң бастаманы іске асыру үшін ауқымды митинг өткізу жоспарын да айтып қалды.
Бір күннің ішінде онмыңдаған қаралым жинаған Жанболат Мамайдың бейне-мәлімдемесінен бөлек әлеуметтік желіде 6 трлн теңгенің тиынына дейін есеп беруді талап еткен жазбалар көбеюде. Әлеуметтік әділдік пен қомақты қаржының шынайы есебін сұраған қоғам талабы күшейгенін аталған соманы тағы қалай жартауға болатыны туралы жазбадан байқау қиын емес. Мәселен, Санжар Боқаевтың бір Facebook желісінің өзінде 2,5 мың рет бөліскен жазбасын атауға болады. Оның есебіне қарағанда, аталған сомаға:
- «Бурж Халифа» ғимаратының жетеуін салуға,
- Илон Масктің «Falcon 9» маркалы 230 зымыранын ұшыруға;
- Астанадан Лондонға және керісінше бағытта газ құбырын жүргізуге;
- Соңғы үлгідегі заманауи 1000 аурухана салуға;
- Қазақстанның әр облысында 100 зауыт-фабрика ашуға;
- Мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана кезегінде тұрған барлық 400 мың азаматқа баспана алуға болады-мыс.
Әзірге 6 трлн теңгенің жартысынан астамы қайда қалай жұмсалғаны не жұмсалып жатқыны туралы нақты ашық дерек жоқ.
«Халық үніне құлақ түретін мемлекет» тұжырымдамасын саяси позициясы санайтын Тоқаев мембаслымдағы сұқбатында «Бұл ретте «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын берік ұстануымыз қажет» деп түйіндейді. Ал ел азаматтары есептің ашық әрі мөлдір болуын талап етуде.