Amnesty International, Civil Rights Defenders, FIDH, Freedom Now, Human Rights Watch, International Partnership for Human Rights және Норвегиядағы Хельсинки комитеті секілді халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан президенті Тоқаевқа ашық хат жолдады.
Адам құқықтарын қорғауды жүзеге асыратын 7 халықаралық ұйым Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты митинг өткізу туралы заң жобасын қарауды тоқтатуға шақырып ашық хат жолдады. «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасы парламент мәжілісінде екінші оқылымында, кейін сенат қабырғасында бірінші оқылымда-ақ қабылданған. Бұған дейін өзге де халықаралық ұйымдар ТЖ режимі кезінде заң шығарушы биліктің митинг және саяси партиялар туралы екі заң жобасын қоғам қатысуынсыз асығыс қабылдауын сынаған еді.
«Ұсынылған заң жобасы – Қазақстан билігінің өз еліндегі адам құқығына қарсы кезекті рейді. Митингке қатысу және оны ұйымдастыру – әр адамның құқығы, ал аталған заң керісінше азаматтардың өз құқығын қолдану үшін үнемі биліктен рұқсат алып отыруға бағытталған. Бұл адам құқығының мәнін дұрыс түсінбеу және біз Қазақстан президентінен елдегі азаматтардың құқығына деген көзқарасты мойындауға және ұсынылған заңнан бас тартуға шақырамыз», – дейді Amnesty International ұйымының Орталық Азия бойынша өкілі, зерттеуші Хэза Макгилл.
Құқық қорғаушылар мемлекет басшысын «атышулы сыңаржақ құжат» туралы қоғамдық тыңдаулар өткізіп, адам құқықтары жөніндегі халықаралық сарапшылардың пікірін ескеріп, оған қазіргі күйінде қол қоймауға шақырады.
Хат авторлары «Халықаралық заңдар мен стандарттар әрқандай мемлекеттен бейбіт жиын өткізуге мүдделі презумпцияны басшылыққа алуын талап етеді, ал мұны жүзеге асыру үшін биліктің рұқсат беруін қажет етпеуі керек» деп жазған.
Ұйымдар ұсынылған заң жобасында «хабарлама» және «келісу туралы өтінім» терминдері қолданылғанмен, белгіленген рәсімдер іс жүзінде билік органдарына тәуелділікті арттырады» деп санайды.
Сонымен қатар, заң жобасы қоғамдық орында бейбіт түрде талап білдіру құқынғының қағидасына қайшы екенін айтады. Құжатта митинг-пикет сияқты жиын өткізуге арнайы орындар белгіленген. Тағы бір айта кетерлік жайт ретінде хатта «құжат кемістпеушілік қағидасын бұзады, себебі азаматтығы жоқ және сот «саяси қабілетін» шектеген азаматтарға пікірін ашық айтуға мүлдем тыйым салынған» делінен.
«Адам құқығын шектейтін құжат қабылдағалы жатқан» Қазақстан парламентінінің заң жобасына қарсы Тоқаев назарына жазылған ашық хатқа (хаттың орысша нұсқасы - ред.) қол қоюшы халықаралық ұйымдардың ресми уәкілдері:
- Денис Кривошеев, Amnesty International директорының Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша орынбасары;
- Бриджит Дуфур, Адам құқықтары жөніндегі халықаралық серіктестіктің директоры, Civil Rights Defenders;
- Хью Уильямсон, Human Rights Watch ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры;
- Ана Фуртуна, Еуразия бағдарламасының директоры, Civil Rights Defenders;
- Бьорн Энгесланд, Норвегиялық Хельсинки комитетінің Бас хатшысы;
- Маран Тернер, Freedom Now атқарушы директоры;
- Илья Нузов, FIDH Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры.
Бүгін таңғы сағат 7:14-те билік басылымы «Егемен Қазақстан» газетінде президент Тоқаевтың «Еліміз бұл қиындықтан шыңдалып шығады» деген тақырыптағы сұқбаты жарияланды. «Абай өзінің «толық адам» тұжырымын мирас етсе, Әл-Фараби «бақытқа жету жолындағы қайырымды қоғам» қағидасын өсиет етіп қалдырды. Менің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамам осы қағидалармен үндеседі», - деген мемлекет басшысы халықтың талабы әрдайым бірінші орында болуы керектігін айтады:
«Азаматтардың өтініш-тілектерін жедел қарастыру үшін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсындым. Бұл – өте маңызды әрі қажет бастама. Шенеуніктердің міндеті – ең алдымен, халыққа қызмет ету. Олар ел-жұрттың мұң-мұқтажына құлақ аспағанда кімге құлақ асады?! Осы қағидатты барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілердің санасына сіңірген жөн. Қазірдің өзінде бұл бағытта оң өзгеріс бар».
Десе де азаматтық қоғам тұтас қарсылық білдіргеніне қарамастан, «ұзын арқан, кең тұсау» аталған заң жобасының бірден мақұлдануы құқық қорғаушыларды алаңдатып отыр.
Тоқаев қол қоюы мүмкін «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасын мына сілтемеден тауып таныса аласыз.
Заң жобасындағы кілтипан
Күні кеше қызметі ауысқан алдыңғы ақпарат министрі Абаевтың командасы дайындаған «ҚР-дың кейбір заңнамалық актілеріне бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «ҚР-да бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобаларында мысалға келтірілген «халықаралық тәжірибе» тарауы ресейлік РИА Новости желілік басылымынан ешбір сілтемесіз көшірілгенін бұрын да жариялаған едік. Концепцияның орысша нұсқасы аталған сайттың материалымен сөзбе-сөз сәйкес келеді. Біздегі заң актілері мен құжаттары әуелі орысша дайындалып, кейіннен қазақ тіліне аударылатынын ескерсек, тұжырымдаманың мазмұны Мәскеу меммедиасында жарияланған нұсқадан алыс емес.
Биыл 7 ақпанда «Ашық үкімет» порталына орналастырылған заң жобасының 10-тарауы 2818 күн бұрын жарияланған (2012 жыл 21 мамыр) орысша материалдың негізінде жазылған.