Апта басы дүйсенбі күні Қазақстанның заң шығарушы және атқарушы билік тармақтарында бірқатар ауыс-түйіс жасалды.
Ауқымды кадрлық тағайындаудың басы өткен сенбіде президент Тоқаевтың кешегі күнге дейін сенат пикері әрі депутаты болып келген Дариға Назарбаеваны отставкаға жіберген жарлығынан басталды. Демалыс күндері жарияланған жаңалықты ел әртүрлі себеппен байланыстырды.
Бүгін таң атқалы Ақорда сайтына үңілген халықтың қатары қалың. Әуелі мемлекет басшысының жарлығымен Президент әкімшілігінің бірінші орынбасары, Нұр Отан партиясының ең белсенді мүшесі Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев қызметінен босап, артынша парламент сенатының депутаты, яғни экс-спикер Дариға Нұрсұланқызының орнына тағайындалды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Парламент сенатының отырысына қатысып, Мәулен Әшімбаев жөнінде жағымды комплиментін айтты. Сонымен қоса ол Назарбаеваға өз ризашылығын білдіре келе іле-шала сенат төрағасы лауазымына Әшімбаевтың кандидатурасын ұсынды.
– Ол мемлекет ісінің қыр-сырын жетік меңгерген, ұзақ жыл түрлі салада жемісті және тиімді қызмет атқарды. Парламент жұмысын жақсы біледі. Әрдайым өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі мол. Сондықтан бұл қызметті абыроймен атқаратынына күмәнім жоқ, – деді Тоқаев.
Президент ұсынысын ешқашан кері қайтармайтын жоғары палата әдеттегідей жасырын дауыс беру арқылы «бірауыздан» ПӘ өкілін бас спикер етіп сайлады.
Осыдан көп өтпей Әшімбаевтың осы уақытқа дейінгі орнына көзі ашық елдің алдында басы біраз дауға қалған ақпарат министрі Дәурен Абаев барғаны хабарланды. Тоқаевтың кезекті жарлығы бойынша Дәурен Әскербекұлы Абаев басқа жұмысқа ауысуына байланысты Ақпарат және қоғамдық даму министрі қызметінен босатылып, бірден №320 жарлықпен Президент әкімшілігі басшысы Ерлан Қошановтың бірінші орынбасары болып жарылқанды.
Ал Абаевтың төрт жыл отырған ыстық орнына... Президент Тоқаевтың көмекшісі әрі Президент әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі қызметінде болғанына әлі бір өте қоймаған Айида Балаева орнынан босатылды да, Ақпарат және қоғамдық даму министрі лауазымына тағайындалды.
Әзірге бос тұрған вакансия Балаеваның орны. Ал ұзақ жылдар бойы парламент қабырғасында болған Дариға Назарбаеваның қандайда бір қызметке келгені туралы хабар белгісіз.
Осылайша Ақорда тарапынан жүргізілген Үкімет пен Парламент арасындағы кадрлық жүрістерден "жаңа бейне" көрінбеді, бәрі "жүзі таныс" шенеуніктер. Бұл өзгерістердің пандемия өтіндегі ТЖ-карантин режимі және елдің оңтүстігінде су тасқыны күшейген кезде жүзеге асуын сарапшылар мен әлеуметтік желі қолданушылары әртүрлі жоруда. Кейбірі мұны "кланаралық талас" десе, бір бөлігі "қосылғыштардың орны ауысқанымен, - қосындының мәні өзгермейтінін көрсететін ескі әдіс" дейді.