Түркияда соңғы күндері індет жағдайы ауырлап кетті. Түрік елінде бір күннің ішінде тіркелген аурулар саны Қытайдағы жалпы ресми статистикадан асып кетті. Соған қарамастан түрік билігі экономикалық шығындардан қорқып, елде карантин шараларын күшейтпей отыр.

Түркияда бұған қоса саяси жағдайлар да күрделілесе түсті. Ел президенті Режеп Тайып Ердоған ел көзіне көптен бері көрінбей кетті. Анкара мен Стамбул қалаларында коменданттық сағат жарияланғанын қала мэрлерінің өзі де жаңалықтар арқылы білген. Тек бұл ғана емес, Түркияда баспасөз цензурасының күшейе түскенін құқық қорғаушылар айтуда. Сын мақала жазған журналистер қамауға алынып, депутаттар қоғамдық сайттарды бақылауды күшейткен.

Түркия пандемияға қарсы шараларды ақпан айында бастағандай болып еді. Ирандағы жағдай ауырласа түскенде Түркия бұл елмен шекарасын жауып тастаған. 11 наурызда алғашқы вирус жұқтырған науқас тіркелгенімен, елдің денсаулық сақтау министрі пандемия қорқынышын төмен деп бағалаған болатын. Бірақ, содан көп өтпей денсаулық сақтау министрі Коже өзінің эпидемияға сәл қарағанын мойындап, қауіпті вирус ел ішінде тез қарқынмен таралып жатқанын мәлімдеді.

Түркиядағы індетке қарсы шараларды саяси драма деп бағалап жатқандарда бар. Себебі, 31 қалада жарияланған шектеу шаралары тұрғындарға не бары екі сағат бұрын ғана ескертілген. Қалка мэрлерінің өзіне де алдын ала ескертілмеген. Стамбул мэрі Экрем Имамоғлы бұл шаралардың дүрбелең тудырғанын айтты. Көшелердегі ұзын кезектер, қақтығыстарға ұласқан дүрбелеңдер қоғамдық сайттарда тарағаннан кейін елдің ішкі істер министрі Сүлейман Сойлу отставкаға кететінін мәлімдеген. Президент Ердоған министрді Стамбулдан Анкараға шақырып жеке сөйлескеннен кейін оның отставкасын қабылдамай тастады.

Стамбул Еуропа құрлығындағы халық саны ең көп шаһар ретінде белгілі. Шектеу шаралары тосын жарияланғандықтан қалада ресми мәлімет бойынша 270 мың тұрғын азық-түлік дүкендеріне лап қойған. Анығында бұл сан аталған көрсеткіштен әлде қайда көп болуы да мүмкін. Бұл дүрбелең Түркиядағы әлеуметтік теңсіздікті де анық көрсеткенін жазып жатқан сайттар да бар. Себебі, азық-түлік алу үшін дүкендерге ағылғандардың бәрі дерлік тұрмыс деңгейі төмен қала тұрғындары болып шықты, бай-бағыландар тұратын райондар салыстырмалы тыныш болған, демек олардың азық-түлік запас қорының толық екені де белгілі.

Назар аударарлығы үкіметтің шараларына қарсы сын-пікір айтқан БАҚ биліктің қатаң реакциясына тап болып жатыр. Соңғы бір ай ішінде полиция тарабы «сыни мәліметтер таратқан» деген айыптағы үш жарым мыңнан астам істі қараған, соның нәтижесі бойынша 616 қылмыстық іс қозғалып, соның ішіндегі 229 адам қамауға алынған. Қатарында журналистердің бер екенін BBC хабарлап жатыр.

“The Qazaq Times”