Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова «ведомство екінші деңгейлі банктер, несие субъектілері және «Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығымен» бірлесе отырып, ТЖ кезіндегі несие өтеудің ерекше тәртібін» ұсынды

Анығын айтқанда, 16 наурыз бен 15 сәуір аралығында, төтенше жағдай режимі енгізілуіне байланысты төлем уақыты кешіктірілген несиеге ешқандай айыппұл салынбайды.

«Біріншіден, Азаматтық кодексінің 359-бабына сәйкес кредит бойынша міндеттемесін орындамаған қарыз алушы ...төтенше және тойтаруға болмайтын оқиға болған кезде мүліктік жауапкершілік алмайтынын» айтқан Әбілқасымова – «жеке және заңды тұлғалардың қарызы мен микрокредитіне ...айыппұл және өсімпұл есептелмеуге тиіс», – деп нақтылады.

Бұл норма жеке және заңды тұлғаларға банктер ғана емес, ломбардтарды және кредиттік серіктестіктерді, сондай-ақ қарыз беретін барлық кредиторларды қоса алғанда, барлық микроқаржы ұйымдары берген қарыздарға қолданылатын болады.

Сонымен қатар «Банктер және банк қызметі туралы» заңның 34-бабы 3-тармағына және «Микроқаржылық қызмет туралы» заңның 3-бабы 6-тармағына сәйкес, жеке мен шағын-орта кәсіпкерлерге негізгі борыш пен сыйақыны қоса алғанда, төлемдер мерзімі 90 күнге дейін шегеріледі. Бұл жөнінде үкімет бастығы Асқар Мамин «Барлық банктер қаржылық жағдайы нашарлаған бизнес өкілдеріне төлем мерзімін ұзарту мүмкіндігін беруі керек» деді.

Осылайша, жеке және заңды тұлғалар, кәсіпкерлерге несие-қарыз жағынан жағдай бойынша «жеңілдік» жасалады.

"The Qazaq Times"