Бір күні таңертең Шыңғысхан нөкерлерін ертіп саятқа шығады. Нөкерлерінің қолында садақ, қорамсағы толы жебе. Шыңғысханның өзі қолына ең жақсы көретін сұңқарын қондырып алған. Сұңқарға ешбір мерген тең келмес еді. Өйткені, қырағы құс жемтігін құзар шыңнан көріп, адам аяғы жетпес жерге оңай жетер еді. Саятшылар көңілді болғанмен, алдыларынан көлденең аң шыға қоймайды. Бұған қынжылған Шыңғысхан қосқа қанжығасы бос келе жатады. Ашумен біреуді ренжітермін деп, нөкерлерінен бөлектеніп, көпшіліктен жалғыз суырылып шығады. Орман ішінде ұзақ жүріп қалады. Шаршап-шалдығып, кенезесі кеуіп кері қайтады. Сол жылы қуаңшылық болып, өзендердің арнасы кеуіп қалған екен. Бір жұтым суға зар болып келе жатқанда, о, тәңірім, қарсы алдындағы жартастан тамшылап ағып тұрған бұлақты көреді. Қолындағы сұңқарды шешіп, күміс тостақты тамшылап аққан бұлаққа тосады. Тостақ кенересінен асып, шүпілдеп толғанша асықпай күтеді. Толған тостақты абайлап ұстап аузына жақындата бергенде, жанындағы сұңқары қанатын қағып-қағып жібереді де, тостақтағы су төгіліп, ыдысы анадайға домалап кетеді. Шыңғысхан кәріне мінеді. Бірақ өзі қатты жақсы көретін сұңқары да шөлдеген болар деп ойлап, сабырға келеді. Тостақты көтеріп, қайтадан тамшының астына тосады. Тостақ тола салысымен сұңқар оны тағы да қағып жібереді. Шыңғысхан бұл құсты ерекше бағалайтын, бірақ мынау қылығы шымбайына батады Қылышын қыннан суырып алады да, екінші қолымен тостақты қайтадан тамшының астына тосады. Бір көзімен суды бақса, екінші көзімен сұңқарды қадағалап тұр. Тостақ толған кезде сұңқар қайтадан қанатын қағады. Бірақ Шыңғысхан лезде құстың басын шауып тастайды. Дәл сол кезде су тамшысы да тоқтап қалады. Неде болса судың бастауын көруім керек деп шешеді. Жартастың басына шығады. Жартастың ең биігінде қайнар бар екен. Ішінде осы жерді мекендейтін өте улы жылан өліп жатыр екен. Жаңағы суды ішсе, тіл тартпай кететінін түсінді. Шыңғысхан қосқа өлі құсын ұстап келеді. Келе салысымен таза алтыннан сұңқардың ескерткішін құйдырады. Алтын сұңқардың бір қанатына «Егер досың саған ұнамсыз мінез танытса да, ол саған дос болып қала береді» деп жаздыртады. Екінші қанатына «Ашумен жасалған іс жақсылыққа апармайды» деп жазыпты.

Аударған Шынар Әбілдә

“The Qazaq Times”