Бүгін, 9 наурызда әлемде мұнай бағасы күрт арзандап, АҚШ долларына шаққандағы ұлттық валютаның бағасы 400 теңгеге құлдырады. Бес жылдың ішінде (2015 жылы, шілде айында 198 теңге) теңге еселеп арзандады.
Түске дейінгі уақыт бойынша астанадағы ақша айырбастау пунктерінде бір доллар 400 теңгеден сатылды.
Мереке қарсаңында, 7 наурыз валюта бағамы биржада доллар құны 382,22 теңге болған еді. Ұлттық банктің 9 наурызға бекіткен 382,05 теңге деген ресми бағамы іске алғысыз болып қалды. Доллардың алдағы уақытта «тағы қымбаттайтыны» жөніндегі бейресми хабардан кейін көптеген ақша айырбастау пунктері АҚШ ақшасын шектелген мөлшерде саудалап жатыр.
Бүгін күндіз президент Тоқаев аталған жайтқа байланысты жауапты органдардың жетекшілерін шақыртып, кеңес өткізді. Ол үкімет пен ұлттық банкке, тиісті ведомстволарға «мемлекеттің халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемесін толық көлемде орындауға» тапсырма берді. Асқар Маминнің басшылығымен дағдарысқа қарсы іс-қимылдар жоспарын әзірлеп, ірі кәсіпорындарда халықты жұмыспен қамтуға қолдау көрсету жөнінде арнайы жоспар дайындайтын шұғыл әрекет ету штабы құрылды. Үкімет 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау жөнінде ұсыныс жасамақ.
Нарықта мұнайдан өзге алтын бағасы да 20%-ға төмендеген. Дүйсенбі Brent маркалы мұнай бірден 14 долларға дейін арзандап, өз құнының 31%-ын жоғалтты. Салдарынан WTI-дегі бағасы 27% мөлшерінде төмендеді, сәйкесінше барреліне 30,27 долларды көрсетіп тұр.
Өткен жұмада, 6 наурызда Венада өткен ОПЕК-тің мұнай министрлері және картельден тыс елдер, соның ішінде Ресей, Қазақстан және Әзірбайжан (ОПЕК+) кездесуінде мұнай өндіруді қысқарту туралы ортақ мәмілеге келе алмаған. Тараптар ортақ келісім аясын кеңейтпек түгілі 2016 жылдан бері қолданып келе жатқан шешімді ұзарта алмады. Ресей жағы әлемдік экономиканы дүр сілкіндірген коронавирус індетіне байланысты өндірісті азайту ұсынысына келіспеді және қолданыстағы келісім шарттарын өзгертпеуді ұсынды. Кремльге қарсы келген Сауд Арабиясы «баға соғысын» бастап, Азия үшін мұнай бағасын барреліне үш-төрт долларға, АҚШ үшін жеті долларға дейін түсіріп жіберді. Енді 1 сәуірден бастап тараптардың отын өндірісін шектеу жөніндегі барлық міндеттемесі жарамсыз болып саналмақ.
Мәскеудің «қырсықтығынан» сәтсіздікке ұшыраған келісімнің рубль де құлдаруы мүмкін деп топшылайды сарапшылар. Тіпті алып компаниялар айтарлықтай шығынға батады деседі.
«Локойл» ресейлік мұнай магнатының тең иесі Леонид Федун The Bell басылымына берген сұхбатында «Ресей мұнай өндіруді қысқарту келісімінің бұзылуына байланысты күніне 100-ден 150 миллион долларға дейін жоғалтады», – дейді. Ол келісімнің күйреуін «қисынсыз шешім» деп атады.
Теңге айналымға енгізілгелі бері ұлттық валютаның құны АҚШ долларына қатысты 84 есе құлдыраған.