Қазақстанда 2023 жылға дейін ақбөкен атуға тыйым салынды. Бұл шара киіктердің санын көбейтіп, оларды сақтау мақсатында жасалып отыр. Сайын даланың сәні саналатын ақбөкенді аяусыз қырып, мүйізін пайда қылғысы келетіндер азаймай отыр.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахметтің айтуынша, биологиялық негіздеме мемлекеттік экологиялық сараптамамен мақұлдаған.

Киікті атуға тыйым салу туралы бұйрық ресми түрде жарияланғаннан кейін 10 күннің ішінде (20 ақпанда) күшіне енеді.

«Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда 2015 жылы 150 мыңнан астам киік қырылған еді. Сол себепті 2015 жылдан бастап 2019 жылдың 31 желтоқсанға дейін киіктерді атуға тыйым салынған еді. Енді киіктің санын көбейту үшін бұл мерзім 2023 жылға дейін ұзартылды. Жалпы киік Қызыл кітапқа енгізілмеген. Заңмен шектеп қана қоймай, бұл бағытта әртүрлі жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Мақсат – киік санын 500 мыңға жеткізу», - дейді Сәкен Ділдахмет.

Ел аумағындағы киік мекендейтін үш популяцияның жағдайы бірдей емес. Үстірт аймағындағы киіктер саны 5900 ғана, тым күрделі. Бетбақдала популяциясында 111 500 киік бар.

“The Qazaq Times”