Былтыр Қазақстан режиссерлері түсірген мен кинематографшыларының қатысуымен 40-тан астам фильм прокатқа шығыпты. Әдеттегідей комедия мен романтикалық мелодраманың үлесі көп дегенімізбен, тарихи және байопик киноға көбірек көңіл бөліне бастапты.

Бұл сөзімізге былтыр шыққан «Қазақ хандығы. Алтын тақ», «Балуан Шолақ«, «Композитор», «Томирис», «Бекзат», «Қазбат» сияқты картиналар дәлел.

Бокс-офис туралы айтсақ, өсу динамикасы анық байқалады. Биыл алғаш рет миллиардтық меже бағындырылды. Нұрлан Қоянбаевтың «Қазақша бизнес Кореяда» комедиясы отандық фильмдер арасында алғаш болып миллиардер атанды.

2019 жылы прокатта ең көп табыс тапқан 10 отандық фильм:

  1. Қазақша бизнес Кореяда(Бизнес по-казахски в Корее) – ₸1 млрд 107 млн
  2. Әкім (Аким) –  ₸577 млн
  3. Томирис – ₸588 млн
  4. Оффлайн каникул/ (Каникулы off-line) – ₸455 млн
  5. Брат или брак 2 – ₸377 млн
  6. Красавчики до нашей эры – ₸287 млн
  7. Off-line каникул 2 (Каникулы off-line 2) – ₸250 млн
  8. Анамды іздеймін 2: Жаңа оқиғалар (В поисках мамы 2: Новые приключения) – ₸166 млн
  9. Аташка на хайпе – ₸164 млн
  10. Келін де адам баласы 2 (Келинка тоже человек 2) – ₸156 млн

2018 жылмен салыстырғанда кассалық түсімнің өскенін байқаймыз. 2018 жылы үздік үштіктің табысы 195 млн – 573 млн теңге аралығында еді. Ал 2019 жылы үшінші орындағы «Томиристің» табысы 2018 жылдың бірінші орындағы фильмнен әлдеқайдакөп («Қазақша бизнес Африкада»).

Ал қазақстандық киножобалардың рентабелдік дәрежесі туралы ештеңе айта алмаймыз. Өйткені шыққан фильмдердің басым бөлігінің бюджеті белгісіз күйінде қалды.

Енді Қазақстан кинонарығындағы шетелдік фильмдер туралы сөз етсек. Бұл салада да динамиканың өскені байқалады. Миллиардер атанған жобалар бар. Мысалы, 2018 жылы ондай көрсеткіш тіркелген жоқ (ең кассалы «Кек алушылар: Шексіздік соғысы» – 832 млн ₸).

2019 жылы Қазақстан прокатында ең көп табыс тапқан 10 шетелдік фильм:

  1. Кек алушылар: Ойын соңы – ₸1 млрд 272 млн
  2. Арыстан патша – ₸1 млрд 196 млн
  3. Әлдекім: Екінші тарау – ₸881 млн
  4. Малефисента: Түнек әміршісі – ₸837 млн
  5. Мұзды өлке 2 – ₸776 млн
  6. Джуманджи: Келесі кезең – ₸760 млн
  7. Үй жануарларының құпия өмірі 2 – ₸610 млн
  8. Капитан Марвел – ₸597 млн
  9. Аладдин – ₸591 млн
  10. Форсаж ұсынады: Хоббс пен Шоу – ₸571 млн

2019 жылдың басты жаңалықтарының бірі – «Кинематография туралы» заңға енген өзгеріс еді. Жаңа нормаға сәйкес енді прокатқа шығатын өзге тілді фильмдердің барлығы қазақшаға аударылуы керек. Ол дубляж, кадр сыртындағы дыбыстау немесе субтитр болуы мүмкін. Былтырдан бастап фильмдердің барлығы дерлік үлкен экранда қазақша субтитрмен беріліп жүр.

Дегенмен «Болашақ» қауымдастығының бұрыннан келе жатқан бастамасы да жалғасын тапты. Осы ұйымның ұйытқы болуымен Голливудтың 6 картинасы сапалы қазақша дубляжбен жарық көрді:

  1. Дамбо / Dumbo – 28 наурыз
  2. Аладдин / Aladdin – 23 мамыр
  3. Ойыншықтар хикаясы 4 / История игрушек 4 / Toy Story 4 – 20 маусым
  4. Арыстан патша / Король Лев / The Lion King – 18 шілде
  5. Малефисента: Түнек әміршісі / Малефисента: Владычица тьмы / Maleficent: Mistress of Evil – 17 қазан
  6. Мұзды өлке 2 / Холодное сердце 2 / Frozen II – 28 қараша

*Кассалық түсім туралы деректер Тикетон сервисінің сайтынан алынды

"kinostan.kz"