Швейцарияның Давос қаласында Дүниежүзілік экономикалық форум басталды. Елуінші рет өткізіліп отырған форум 24 қаңтарға дейін жалғасады және әлемнің 117 елінен делегат жиналған. Биыл «экологияны сақтап, жаһандық экономиканы дамыту» мәселесі басты тақырып ретінде алынған. Сонымен қатар, әлемдік қарыздың көбеюі, әлеуметтік теңсіздік, Таяу Шығыстағы шиеленіс, Брексит және жаһандық климаттық өзгеріс мәселелері талқыланбақ.
Форумға АҚШ президенті Дональд Трамп пен экобелсенді Грета Тунберг келген. бірақ форумға Иранның Сыртқы істер министрі Мұхаммед Джевад Зариф пен Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон қатыспайтын болды. Ал Қазақстан тарапынан ҚР сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен «Астана» халықаралық қаржы орталығының» басқарушысы Қайрат Келімбетов қатысады.
Өз баяндамасында 17 жастағы экобелсенді Грета Тунберг: «Экология мен қоршаған орта тақырыбы жастардың белсенді жұмысының арқасында өзекті мәселеге айналып отыр. Алайда ауаға көмір қышқыл газының бөлінуі әлі де қысқарған жоқ. Проблеманың шешіліп отырғаны шамалы. Бұған қызығушылық танытып отырғандарды да байқаған жоқпын. Қоршаған ортаны қорғап қалу үшін компаниялар, банктер, үкімет қазба отын түрлерін инвестициялауды, қазбалы отынмен байланысты барлық субсидияларды, қазба отынын пайдалануды дереу тоқтатуы тиіс. Біз бұл шешімдердің 2050, 2030, 2021 жылы жүзеге асқанын қаламаймыз. Біз мұның қазір орындалғанын қалаймыз», – деді. Осы ретте Грета мен Трамп диалогындағы пікір қайшылығы орын алды. Трамп баяндамасында АҚШ Париж климат келісімінен шығып кетсе де, экономика мен экологияны теңдей дамытып отырғанын және алдағы уақытта 3 триллион түп ағаш отырғызатынын айтты. Өз сөзінде Трамп: «Бұл апокалипсистердің қалауы біреу ғана – абсолютті билік. Олар өміріміздің әр аспектін қадағалап, бақылап, басқарып отырғанды қалайды», – деді.
Грета Тунберг өткен жылы оқушылар ереуілін ұйымдастырып, көпшілікке таныла бастады. Оның бастамасымен Швецияда оқушылар жұма күні сабақтың орнына климаттық өзгерістермен күреске шақыратын акция өткізген. Биыл бұл қозғалыс дамып, әлемнің ондаған елінде қолдау тапты. Ірі көлемде өткен табиғатты қорғау акцияларына миллиондаған адам қатысты. Time журналы Гретаға «Жыл адамы» атағын берді.
Еуропалық комиссияның төрағасы Урсула фон дер Ляйен: «Осы форум ясында тұрақты экономикалық жүйенің қалыптасатынына сенемін. Қоршаған ортаның ластануын қорғап, экологияның өзгеруіне қатысты шаралар қолға алынатынына үміттімін. Басымыз қосылса ғана мақсатымызға қол жеткізе аламыз», – дейді.
Бүкiләлемдiк экономикалық форум халықаралық әрiптестiктi дамыту мақсатында ұйымдастырылады. 1971 жылы құрылған форумға 1000-нан астам iрi компаниялар мен әлем мемлекеттерi мүше.
Дүниежүзілік экономикалық форум (ДЭФ) жыл сайын, 1979 жылдан бастап «Жаһандық бәсекеге қабілеттілік туралы баяндама» (Global Competitiveness Report) жариялайды. Баяндаманы профессор Клаус Шваб және Ксавье Сала-и-Мартиннің жетекшілігімен халықаралық сарапшылар тобы дайындайды. Қазіргі уақытта рейтинг осы саладағы ең беделді кешенді зерттеулер қатарында. 2004 жылдан бастап баяндамада «Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі» (Global Competitiveness Index, GCI) негізінде барлық мемлекеттердің рейтингісі келтіріледі. Қазақстан 2006 жылдан бастап аталған рейтингтер тізіміне енген.