Бүгін Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан аудандық соты төрт айдан бері ел көз тіккен этникалық Қытай қазақтары Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының ісіне қатысты үкім шығарды.
Судья Оспанова «мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтті» деп айыпталған этникалық екі қазақты елде қалдырып, бір жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Күндіз сот отырысында өткен жарыссөзде прокурор Ержан Әзімбаев атажұртына пана іздеп келген екі жігітті бір жылға түрмеге қамап, 10 АЕК көлемінде айыппұл төлетуді сұраған. Сондай-ақ «жеңілдетілген жағдайды ескеріп» оларды Қытайға қайтармауды сұраған.
Ал қоғаушылар олардың Қытайдың азшылық ұлттарға жасап отырған қысымынан сескеніп «шекарадан заңсыз өтуге» мәжбүр болғанын, оларды толық ақтауын сұрады.
Сотқа елдің әр аймағынан көптеген белсенділер жиналды. Дегенмен сот залы шағын болғандықтан, көбі сыртта және дәлізде күтіп түрды. Қолдаушылар «Бостандық» деп ұрандасып жатқан кезде, Шымкен қаласында бір топ азаматтық белсенділер де екі қазақ жігітінің босатылуын талап етіп шықты.
Өткен жылдың 14 қазанында Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында өткен баспасөз мәслихатында Қастер Мұсаханұлы Шыңжаңдағы «саяси лагерьде қамауда болғанын», Мұрагер Әлімұлы Қытайда «қысым көргенін» мәлімдеген. Осыдан кейін ҰҚК екеуін «шекараны заңсыз кесіп өтті» деген айыппен ұстап, ертеңінде Шығыс Қазақстан облысына алып кеткен. Қазан айының 30-ы күні ҰҚК Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов шекараны заңсыз бұзып өту фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын және бірқатар лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылғандығын хабарлаған.
Қазанның 4-і Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді «Шыңжаңдағы лагерьлерде қазір қазақтар жоқ» десе, 4 желтоқсан президент Тоқаев Германияға жұмыс сапары қарсаңында Deutsche Welle телеарнасына берген сұқбатында халықаралық ұйымдар ұсынып жатқан көптеген ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтып, «Шыңжаңдағы қайта тәрбиелеу орталығында бірді-екілі ғана қазақ отырған болар» деген. Ал 5 желтоқсан ҰҚК төрағасының орынбасары, Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов «сот ісі аяқталғаннан кейін шекараны заңсыз кесіп өткен екі этникалық қазақ Қытайға қайтарылатынын» айтқан еді.
Соңғы кездері Қазақстан соты Қытайдан қашып шекара кесіп өткен қандастарға елде қалдыру үкімін шығара бастады. Деседе арғы бетте отырған, тіпті Қазақстан азаматтығы бар этникалық қазақтар әлі күнге дейін әртүрлі сылтаумен қайта тәрбилеу лагерлері мен түрмеде қамауда отыр.