Ресейдің шетелдермен қару-жарақ сауда келісімдерінің саны тез өсіп жатқаны байқалады. Бүгін, 20 желтоқсан Ресей қорғаныс министрінің орынбасары Александр Фомин соңғы бес жыл ішінде 39 елмен қару-жарақ саудасының келісімі жасалғанын растады. Бұлардың арасында Лаос секілді Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің саны басым, олар соңғы бірнеше он жыл ішінде тап мұндай көп мөлшерде орыс қаруларын сатып алмаған еді. Бұл Ресей қару саудасының Оңтүстік–Шығыс Азияға қарай ойысқанын көрсеткендей. Ресей қару-жарақ сауда мөлшерінің қарқынды өсуі әрине бірінші кезекте НАТО-ны алаңдатары сөзсіз.

Оңтүстік Шығыс Азиядағы орыс қарулары 

Сарапшылар Оңтүстік Шығыс Азиядағы Лаос, Вьетнам секілді елдердің Кеңес одағы тұсында Мәскеумен болған тығыз қарым қатынасын ескерген жөн деп санайды. Қазір Ресейдің аталған аймақтағы қадамына назар аударсақ, қару саудасын алға тарта отырып, оны сол елдердің инфрақұрылымдық жобаларына инвестиция салумен айырбас ретінде пайдаланып отырғанын көреміз. Айталық, Лаос, Камбоджа, Вьетнам және Тайланд секілді өңірдегі бірқатар елдің теңіз жағалауындағы порттарын, сауда арналарына деген ықпалын кеңейтуді көздейді. Ал, қару-жарақ сату сол бағыттағы қадамының тек бір ғана саласы.

Ресей Оңтүстік Шығыс Азия елдерімен әскери ынтымақтастықты арттырды. Фото: Nikkei Asian Review

Ресейдің бұл қадамынан нені байқауға болады? Немесе, Ресей үшін шекаралық жақынғы жоқ осы аймақтағы белсенділігін арттыру неге керек болды? Бұның жауабы біз ойлағаннан тереңде жатса керек. Әуелі біз осы аймақтағы елдердің ақпарат құралдары және халықаралық істер жөніндегі сарапшыларының не дейтініне қарап көрелік:

Бұл туралы Гонконгтағы қауіпсіздік жөніндегі кеңес беруші компания A2 Global Risk сарапшысы Гэвин Гринвудтың ақпарат құралдарына берген пікірінде: «Мәскеудің нысанасында бизнес мүдделерінен тыс қарсыластарының аймақтағы әрекетін тоқтату сынды қос бағыт бар. Яғни, осы аймақтағы АҚШ немесе Еуропаның стратегиясына кедергі келтірсе болды, Ресейдің көздегені орындалды деген сөз», – дейді.

Мәліметтерге қарағанда, 2000 жылдан бері қарай, Ресейдің аталған аймаққа сатқан қару-жарағы жалпы қару саудасының төрттен бір бөлегін иелеп келген. Ал, Стокгольм халықаралық бейбітшілікті зерттеу институтының не қарасақ, Мәскеу 2010-2017 жылдар аралығында Оңтүстік-Шығыс Азияға 6,6 миллиард доллар қару сатқан. Демек, осы аймақтағы АҚШ пен Қытайдың қару саудасын қосқанда Ресейге тең болады. Аталған институттың көрсеткен мәліметі бойынша, 2014-2018 жылдар арасында Азия мен Тынық мұхит аймағындағы қару-жарақ саудасының 60 пайызы Ресейге тәуелді екен.

Даулы аймақтағы ойын қызу жүруде. Фото: Lowy Institute
.

Бірақ, Үндістан қатарлы елдерде Ресей қаруларының саудасы жыл сайын төмендеп бара жатқанын да ескеру керек. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарында Үндістан, Малайзия қатарлы елдерге сатылған Ресей қаруларының заманы өтіп, пайдалануға жарамай жатыр. Олардың орнын енді америкалық немесе еуропалық қорғаныс техникалары басуы мүмкін. Айталық, 1995 жылы Малайзия сатып алған МиГ-29 және Су-30 жойғыш ұшақтарының қызмет мерзімі аяқталуға жақын. Сарапшылар, Малайзия ендігі жерде ескірген әскери техникалардың орнын Ресей техникаларымен жаңартуы екіталай деп санайды.

Ресейдің Оңтүстік Шығыс Азиядағы әскери басымдығы

Ресейдің қару-жарақ саудасының көлемін АҚШ-пен салыстыруға келмейді. Үндістанға сататын әскери техникаларының азаюы да бұл алшақтықты ұлғайтты. Сүйте тұра Ресей Оңтүстік Шығыс Азияда өз басымдығын алды. «Не үшін осы аймақта ресейлік қару-жарақ өтімді?» деген сұраққа әр қырынан жауап беруге болады. Ең негізгі себеп Тайуан сарапшылары көрсеткендей Оңтүстік қытай теңізіндегі дау-дамай және оған қатысы бар елдер арасындағы бәсеке, сондай-ақ, маңызды су жолдарындағы лаңкестік осы аймақтағы орыс қаруларына деген сұранысты арттырған.

Ресей Қорғаныс министрлігінің лауазымды тұлғалары дәстүрлі серіктері Қытай және Үндістанмен қорғаныс ынтымақтастығымыз дамып келеді деп көрсетеді. Бұдан тыс Мьянма, Камбоджа, Вьетнам және Лаоспен әскери ынтымақтастығының артып келе жатқанын айтады. Бұл айтқанының жаны бар, Ресей әлі күнге дейін Вьетнамның ең ірі қару-жарақ жеткізушісі саналады. Вьетнам пайдаланатын қару-жарақтың 60 пайызы Ресейден, оның ішінде сүңгуір қайықтар да бар. Ресей сонымен қатар Филиппинде қару-жарақ сату мүмкіндіктерін белсенді қарастырып келеді және Малайзия, Индонезия және Мьянмаға қару-жарақ сатуы да қарқын алуда. Бұлардың қатарында Лаос Ресей әскери техникаларын сатып алу үшін қаржыны жыл сайын көбейтіп келеді.

Осы аймақта Лаос Қытай үшін аса жоғары стратегиялық маңызға ие, ол Қытай мен Оңтүстік Шығыс Азия арасында буферлік аймақ рөлін атқарады. Ресей қару-жарақ сатумен қатар бірлескен әскери жаттығуды да ынтымақтастық бағыты ретінде жандандыра түсті. Былтыр Лаос пен Ресей алғаш рет бірлескен оқу-жаттығуын өткізді. Лаос Ресей әскери байланысын бұдан да жоғары деңгейге жеткізуге тырысып отыр. Әскери мамандарын да Ресейден оқытуды қолға алған.

Оңтүстік Шығыс Азиядағы орыс әскери техникалары. Фото:: KyivPost. 2018 (East-2018) military drills at Tsugol training ground not far from the borders with China and Mongolia in Siberia, on September 13, 2018. (Photo by MLADEN ANTONOV / AFP)

Түйін

Ресейдің қару-жарақ сауда көлемінің кеңеюі 6 жыл бұрынғы Қырым аннексиясымен тығыз қатысты. Батыстың санкциясы орыс рублінің бағасын құлдыратып, нәтижесінде үш жылдық дағдарысқа ұрынды. Былай таратуға болады, Батыс санкциясынан аман қалу үшін Ресей ішкі нарықты дамыту арқылы экономиканы қалпына келтіруге талпынып көрді. Бірақ бұл әрекет сәтсіз болды және олар экспортты кеңейтуге мәжбүр болды. Ресей экспортының табысты бір саласы – әскери техникасы екені белгілі.

Мәселенің екінші қыры, Оңтүстік-Шығыс Азияның көптеген елдері мынадай мәселеге тап болды – АҚШ-тың жоғары технологиялық қару сатып алуына шектеу қойды. Бұл қару сатуды адам құқығы мәселесімен байланыстырды. Ресей болса жеңілдетілген несиелер ұсынады, мемлекет тарапынан берілетін несие бартерлік сауда, қосымша бөлшектермен қызметтер ұсынды және қосымша шартсыз берді. Оңтүстік Шығыс Азия елдері үшін америкалық жоғары технологиялық қару-жарақтарды сатып алу қиынға соғады. Себебі, америкалы техниканың құны әлде қайда қымбат және қосымша шарттары көп. Сондықтан, баламалы түрде Ресей қарулары бұл аймақ елдері үшін оңтайлы таңдау.

Мәскеу АҚШ санкциясынан туындайтын оқшаулану қаупіне қарсы тұруға тырысады. Осы мақсатта өзінің тарихи серіктестері Лаос, Вьетнам сынды елдермен қарым-қатынасты сақтауға талпынады. Оларды осы аймақтағы елдермен байланыс орнатудағы көпір ретінде пайдаланғысы келеді.

Бізге беймәлім жатқан «Ресей-Қытай одағы»

Ресейдің Оңтүстік Шығыс Азиядағы әрекеттерінің жандана түскенін байқап, осы мәселені жіпшелей зерттегенімізде, бізге беймәлім болған бірқатар мәселелердің беті ашылды. Соның бірі – әлсіз көрінгенімен астыртын жымдасқан Ресей-Қытай одағы. Ресейдің біз атаған аймақта қару саудасының күшеюі оның осы аймақтағы «қайта өркендеу кезеңі» дейтін болсақ (Кеңес одағынан кейін), бұл кезең әлі де жас күйінде дәрменсіз көрінеді. Бірақ, үлкен геосаяси жағдайлар тұрғысынан қарағанда бұл арада Ресей-Қытай одағының бой көтергенін байқаймыз.

Қазіргі кезде Қытай мен Ресейдің одағы туралы сынға аларлық ештеңе байқалмайды. Бірақ, соның өзі күмәнді. Қытай мен Ресей АҚШ-тың қару-жарақ сату шарттарына наразы кейбір нарықтардың орнын иеленуге бірлесе кіріскені сөзссіз. Бұл түптің түбінде Қытай мен Ресейдің ынтымақтастығына алып келеді.

Ресей және Қытай басшылары. Фото: AsiaNews.

Даулы Оңтүстік Қытай теңізі мәселесінде Қытай АҚШ-тың астыртын ықпалын әлсірету үшін Ресейдің Оңтүстік Шығыс Азиядағы әскери ықпалының арта түсуіне мүдделі. Демек, өңірде Қытай мен Ресей және АҚШ арасында «бірге қарсы екі» таласы жүріп жатыр. Сөз соңын аустралиялық әскери маманға берейік, Австралияның Мельбурн университетінің Asialink ғылыми-зерттеу орталығының аға кеңесшісі Дон Гринлес сұхбатында: «Егер «Шығыс мен Батыс лидерлері» арасында талас-тартыс туылса, бұл аймақтағы елдер үшін өте қауіпті болады. Шағын және орта деңгейдегі елдер ірі державалар арасындағы мүдде қайшылығынан басты зардап шегушіге айналады», – дейді.

“The Qazaq Times”