Берлинде Ливиядағы жағдайды тұрақтандыру мақсатында халықаралық конференция өтті. Deutche Welle неміс басылымының хабарлауынша, саммит нәтижесінде қатысушы мемлекет басшылары жаңа құжат ұсынған.
Құжатта Ливия дағдарысын реттеу процесін 6 бағытта жүргізу ққарастырылған: атысты тоқтату, қару-жараққа эмбарго, саяси процесс, қауіпсіздік саласын реформалау, экономикалық реформа, гуманитарлық заңдар мен адам құқығын сақтау. Сонымен қатар, құжат бойынша барлық қатысушылар Ливиядағы қарулы қақтығыстарға араласудан бас тартуы тиіс.
Конференцияға БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Түркия президенті Тайып Ердоған, Франция басшысы Эммануэль Макрон, Германия канцлері Ангела Меркель, Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майкл Помпео, Ресей президенті Владимир Путин және Алжир, Египет, БАӘ, Қытай өкілдері қатысты. Ливия ұлттық келісім үкіметінің басшысы Фаиз Сарраж және Ливия ұлттық армиясының (LNA) қолбасшысы, дала маршалы Халифа Хафтар да Берлинге келді. Олар негізгі талқылауларға қатыспайды. Егер жоғарыда аталған құжат талаптарымен барлық тараптар келісетін болса, жиын соңында Ливия өкілдеріне сөз беріледі.
17 қаңтарда Түркия президенті Ливияға әскер аттандыратынын айтқан болатын. Ердоған Түркияның оңтүстігінде тұрақтылықты сақтау үшін саяси және әскери күштің барлық түрін пайдаланатынын айтып, тоғыз ай бойына ұрыс қимылдары жалғасып келе жатқан Ливия мәселесіне араласуын тоқтатпайтынын ммәлімдеген.
12 қаңтарда Ливияда Ресей мен Түркия президенттері ұсынған бастаманың шеңберінде Триполидегі Ұлттық келісім және фельдмаршал Халифа Хафтар басқаратын Ливия ұлттық армиясы арасындағы кофликтті тоқтату режимі күшіне енді. 13 қаңтарда Мәскеуде екі ел өкілдері ресми кездесу өткізіп, Ливияда бейбіт жағдай режимін орнату туралы келісімге қол қойды. Бірақ, фельдмаршал Халифа Хафтар ешқандай келісімге қол қоймастан Мәскеуден кетіп қалған.
14 қаңтарға қараған түні Хафтар Триполидің оңтүстігінде қақтығыстардың қайта жанданатыт туралы мәлімдеме жасады. Сол себепті Түркия мен Ресейдің Ливиядағы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған қадамы сәтсіз аяқталған. Кей сарапшылар Берлин саммиті де Ливиядағы дағдарысты шешуде оңтайлы нәтиже көрсете алмауы мүмкін дейді. Себебі халықаралық жағдайды реттеуге бағытталған жиындардың көпшілігі тек қағаз жүзінде өткізіліп келеді.