Иран СІМ басшысы Теһрандағы ұшақ апатының себебі АҚШ-тың «авантюризмі» салдарынан жасалған қателік екенін айтты. Яғни Иран билігі украиналық ұшақтың байқаусызда атып түсірілгенін мәлімдеді. Бұл туралы «Әл-Жазира» ақпарат агенттігі Иран билігінің ресми мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлады.
Белгілі болғандай, қайғылы жағдайға «адами фактор» себеп болғандығы айтылады. Шетелдік БАҚ бұл жағдайды «катастрофалық қателік» деп бағалап отыр. Осыған дейін апат себебі жөнінде төрт болжам болған: зымыранмен атып түсіру, борт ішіндегі теракт, ұшақ моторының жануы немесе ұшқышсыз ұшақпен соқтығысу.
Америка, Канада және Украина лайнерге Иран зымыраны абайсызда тиген болуы мүмкін деген. АҚШ президенті Дональд Трамп ұша апаты техникалық ақаудан болды дегенге күдікпен қараған. Трамп: «Менің өз болжамым бар. Бұл орны толмас үлкен қайғы. Ұшақ қауіпті аймақта кетіп бара жатқан. Кейбіреулер апатқа техникалық ақау себеп дейді. Бірақ мен бұл пікірмен келіспеймін. Барлығына көз жеткізу үшін Иран тарапы Boeing-тің қара жәшіктерін оқуды өзге елдерге беру керек. Мысалы, франциялық немесе канадалық мамандардың көмегіне сүйену керек», – деп мәлімдеген болатын. Алайда қара жәшік бүлінген.
8 қаңтарда Теһрандағы халықаралық әуежайдан Киевке ұшып шыққан «Украинаның халықаралық әуе желісі» компаниясына тиесілі «Boeing-737-800» ұшағы құлады. Ұшақта болған 176 адам: 167 жолаушы және 9 экипаж мүшесінің бәрі қаза болды. Дәл сол күні бірнеше сағат бұрын Иран АҚШ-тың Ирактағы әскери базаларын зымыранмен атқылаған.