Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парсы шығанағындағы ахуалға байланысты кеңес өткізді. бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Жиынға президент әкімшілігі басшылығы, премьер-министрдің орынбасары, Қауіпсіздік Кеңесі хатшысы, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы, Сыртқы істер министрі, Қорғаныс министрі, Ішкі істер министрі және Қарулы Күштер Бас штабы бастығы қатысты. Кеңесте Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен басқа да ведомство басшылары Таяу Шығыстағы қазіргі ахуал туралы баяндады.
Ел президенті Парсы шығанағы аймағындағы ахуалдың күрт шиеленісуіне алаңдаушылық білдіріп, аталған іс-қимылдарға қатысушы тараптардың барынша ұстамдылық танытуы қажеттігін айтып, қақтығыстарды дипломатиялық әдіс-тәсілдермен, ең алдымен, бұл іске БҰҰ араластыра отырып, сондай-ақ екіжақты байланыстар мен келіссөздер арқылы реттеу мүмкін екенін атап өтті.
Кеңес қорытындысы бойынша Қазақстанның Таяу Шығыстағы елшіліктері мен ондағы қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, еліміздегі шетелдік дипломатиялық өкілдіктер мен компаниялар кеңселерінің қауіпсіздігін сақтау үшін шаралар қабылдауды, мемлекетіміздің ұлттық мүддесіне қатысты маңызды ақпараттарды алу және талдау жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Халықаралық ахуалдың шиеленісуі жағдайында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму және қорғаныс әлеуетін күшейту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.
Еске сала кетейік, Ислам революциясы сақшылар корпусының «Құдс күштері» арнайы жасағының қолбасшысы Сүлеймани 3 қаңтарда Бағдаттағы АҚШ-тың әуе шабуылы кезінде мерт болған. Оны өлтіруге АҚШ президенті Дональд Трамп бұйрық берген. «Құдс күштері» Иранның сырттағы әскери операцияларына қатысқан. Бұған дейін АҚШ-тан «кек алатынын» мәлімдеген Иран 8 қаңтарда АҚШ-тың Ирактағы бірқатар нысандарынзымыранмен атқылады. Қазіргі уақытта екі ел байланысы ушығып тұр.