Иракта АҚШ базасына баллистикалық зымырандармен шабуыл жасалды, – деп хабарлайды Politico басылымы.
Пентагон өкілі Джонатан Хоффманның мәлімдеуінше, шабуыл Иран аумағынан жасалған. Белгілі болғандай, әл-Асад базасына ондаған зымыран құлаған. Шабуыл Иранның әскери генералы Касем Сулейманиді жерлеу рәсімінен кейін бірнеше сағат өте жасалыпты. Әзірге Америка тарапынан қанша адамның зардап шеккені белгісіз. Бірақ Ирак жағынан қаза тапқандар болуы мүмкін. Өз кезегінде Ақ үйдің баспасөз хатшысы Стефани Гришамның мәлімдеуінше, Дональд Трамп болған оқиғадан хабардар. Президент аймақтағы жағдайды жіті бақылауда ұстап отыр екен.
31 желтоқсанда АҚШ-тың Бағдаттағы елшілігі алдында наразылық шарасы болып, шерушілердің алды елшілік ғимаратына шабуылдаған. Америка бұл наразылықтың артында Иран тұр деп есептейді. Наразылық АҚШ күштерінің Ирактағы және Сүриядағы шабуылында шиит мұсылмандары қаза тапқаны туралы мәлімет тараған соң тұтанған еді.
Ислам революциясы сақшылар корпусының «Құдс күштері» арнайы жасағының қолбасшысы Сүлеймани 3 қаңтарда Бағдаттағы АҚШ-тың әуе шабуылы кезінде мерт болған. Оны өлтіруге АҚШ президенті Дональд Трамп бұйрық берген. «Құдс күштері» Иранның сырттағы әскери операцияларына қатысқан. Бұған дейін АҚШ-тан «кек алатынын» мәлімдеген Иран 8 қаңтарда АҚШ-тың Ирактағы бірқатар нысандарынзымыранмен атқылады.