Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы маңындағы ұшақ апатына байланысты шұғыл кеңейтілген кеңес өткізді.
Ақорда резиденциясында премьер-министр, президент әкімшілігі басшылығы, қауіпсіздік кеңесі хатшысының, бас прокурор, ҰҚК төрағасы, ішкі істер және ақпарат министрлері, денсаулық сақтау министрінің қатысуымен Алматы әуежайы маңындағы ұшақ апаты жөніндешұғыл кеңес өтті.
Ақорданың хабарлауынша, Тоқаев Қазақстан халқының және жеке басының атынан қаза болған азаматтардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Жиында қайтыс болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Президент үкімет басшысы Асқар Маминнің, бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовтің, ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың және денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың есептерін тыңдады.
Ол үкіметке Алматы қаласы мен Алматы облысы әкімдіктерімен бірлесіп қаза болған азаматтардың отбасына 4 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетуді тапсырды. Марқұмдардың жақындарына психологиялық және медициналық қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар зардап шеккендердің барлығына қажетті көмек берілмек.
28 желтоқсанды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаған президент еліміздегі мемлекеттік туды түсіруге және барлық ойын-сауық шараларын тоқтатуға тапсырма берді.
Мемлекет басшысы кеңес барысында:
- Ұшақ апатын тудырған себептерді сапалы әрі объективті түрде тексеруге;
- Қазақстанның авиациялық әкімшілігі АҚ білікті мамандармен қамту жұмыстарын толық аяқтау шараларын қабылдауға;
- Қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіру үшін барлық әуе компаниялардың жұмысы мен авиациялық инфрақұрылым нысанын тексеруге тапсырма берді.
Бас прокуратура мен ішкі істер министрлігіне қозғалған қылмыстық іс аясында ұшақ апатына соқтырған себептерді анықтау, кінәлілерді заңға сәйкес жауапкершілікке тарту, сондай-ақ, Алматы әуежайының аумағына жақын жердегі жеке құрылыстардың заңдылығын зерттеу жөнінде тапсырма жүктеді.