Үкімет отырысында Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев елімізде Атом электр станциясын салу мәселесіне қатысты пікірін білдірді.
Нұрлан Ноғаев: «Бүгінге дейін қандай позицияда болсақ, әлі соны ұстанып отырмыз. Әзірге қаралып жатыр. Энергетика министрлігінің позициясы мынадай болды: энергияның қосымша көздері барда біз бұл мәселені қараймыз. Ал қазіргі таңда республика энергиямен өзін-өзі қамтып отыр. Тіпті электр энергияның бір бөлігі экспортталады. Жақында Атырау облысында еркін экономикалық аумақта республикалық маңыздағы 310 мегаваттық Қарабатан газ-құбырлы электр станциясы пайдалануға берілді. АЭС құрылысын жүргізу мәселесін жабылды деуге келмейді, қандай сатыда тұрды – әлі сонда», – деп мәлімдеді.
Қазақстан астанасы Нұр-Сұлтанда АЭС құрылысын ресейлік технологиямен жүргізуді Кремльдегі кездесуі кезінде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ресей президенті Владимир Путин ұсынған болатын. 3 сәуірде өткен жиында Путин Тоқаев екеуі «бейбіт атом саласындағы серіктестік» жайлы талқылағанын айтқан. Оның сөзінше, «уран өндіру және байыту бойынша Қазақстан мен Ресейдің бірлескен алты өнеркәсібі жұмыс істейді».
Қазақстанда салынуы ықтимал атом электр станциясына (АЭС) арналған аумақ ретінде Алматы облысындағы Үлкен ауылы мен Шығыс Қазақстан облысындағы Курчатов қаласы таңдалған. Аталған мәлімдемеден кейін, Қазақстан азаматтары станциядан төнетін орасан зор қауіпті айтып, АЭС құрылысынан бас тартуды талап етті.