Аймақтық басылымның хабарлауынша, осы уақытқа дейін Атырау облысының әкімі қызметінде болған «Нұрлан Ноғаев Энергетика министрі лауазымына тағайындалуы мүмкін».
Атырауда шығатын «Ақ Жайық» апталық газетінің электронды платформасында жарияланған хабарда «жаңа жыл қарсаңында Атырау облысына елордадан тосын жаңалық келді – аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев өз қызметінен кетіп жатыр» делінген. Жергілікті ақпарат құралы өзінің «бейресми дереккөздеріне» сілтей отырып, «бүгін түстен кейін мұнайлы астанаға жаңа әкімді таныстыру үшін ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин келеді деп күтілуде» дейді. Тіпті «Нұрлан Ноғаевқа ҚР Энергетика министрінің креслосы ұсынылады-мыс».
2016 жылы Атырауда жер дауы митингісінде сөз сөйлеген Макс Боқаевтың «митингіні ұйымдастырғандар қуғындалмасын» деген талабы орындалатынына уәде берген Нұрлан Ноғаев сол жылдың 26 наурызында әкім болып тағайындалған болатын. Бүгін энергетика министрі Қанат Бозымбаев мемлекет басшысының жарлығымен орнынан босатылып, президент көмекшісі болып тағайындалғанын айта кеткен жөн.