АҚШ Иран мұнай экспортына мықтап тұрып шектеу қойғаны белгілі. Бұл Иран мұнай экспортын көп мөлшерде қысқартты, тіпті Иран экономикасына ауыр соққы болды. Себебі, бұған дейін Иран мұнайының басты алармандары болған бірқатар елдер АҚШ санкциясынан қорқып, Теһранмен мұнай саудасын тоқтатты. Оның арасында Еуропа мен Азияның ықпалды экономика алыптары да бар. Еуропаның ірі компаниялары Иранмен жасасқан энергетикалық жобаларынан бас тартты. Бірақ, Қытай АҚШ санкциясына қарамастан Иран мұнайын жалғасты алатынын білдірді.
Қытайдың бұл әрекеті көпті таңқалдырды. Себебі, Иран мұнайына қойылған шектеу мұнай импорттаушы елді шығынға батыруы мүмкін. Бірақ, соңғы кезде халықаралық сарапшылар Қытайдың Иран мұнайын алуда экономикалық мүддеден көрі көздеулі стратегиялық мүдденің басым екенін аңғарды.
АҚШ санкциясына қарамастан Қытай Ираннан жыл сайын шамамен 30 млн тонна шикі мұнай кіргізіп отыр. Санкция шығындарына қарамастан Бейжіңнің мұндай қадамға баруә әсте экономикалық мүддесін қамтамасыз ету үшін болмаса керек. АҚШ-пен сауда қақтығысы да Қытай экономикасына ауыр соққы болып отырған қазіргі кезде санкцияға шырмалған Иран мұнайын алуда Бейжіңнің басқа мақсаы бары анық. Яғни, Қытай өзімен одақтас елдерді қандай қиын жағдайда да қолдай алатынын, сонымен бірге өзінің энергия сұранысын қанағаттандыра алатынын көрсету мақсатында Иран мұнайын импорттауды жалғасытырып отыр.
Қытай әлемдегі ең ірі энергия тұтынушы елдің бірі. Ол өз энергия сұранысын қанағаттандыру үшін бір емес бірнеше энергия көзін табуы және оны кедергісіз импорттауға қол жеткізуі керек. Қытайдың Орта Азия елдеріне «көзсіз инвестиция салуға» пейіл болатыны да осыдан.
Былтыр АҚШ Иранмен ядролық келісімнен бір жақты бас тартып, экономикалық санкцияларды қалпына келтірген тұста, Бейжің ресми мәлімдеме арқылы Уашингтонның бұл қадамын айыптаған еді. Биыл Қытай қыркүйек айына дейін Ираннан 12 млн тонна шикі мұнай сатып алды. Назар аударарлығы Иран Қытайға жеңілдетілген бағада мұнай сатып отыр. Ал, сауда соғысы күшейіп тұрған тұста, Қытай қыркүйектен бастап АҚШ шикі мұнайына 5 пайыз тариф арттырды.
Осыған қарап Қытайдың Иран мұнайын алуы Бейжің мен Теһран арасындағы сауда ғана емес, Уашингтонға деген қарсылық екенін білуге болады. Ал, бұның соңғы АҚШ-ты Қытайға қарсы санкция салуға, тіпті АҚШ Шынжаң және Тайуан секілді Қытайдың нәзік мүдделеріне қатысты санкция салуға итермелейді.