Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев аумақтық полиция департаменттері басшыларымен кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мәселесіне қатысты кеңес өткізді.

ІІМ-нің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау және Жамбыл облыстарының полиция департаменті басшылары сынға ұшырады. Кеңес қорытындысында бірқатар басшы қатаң тәртіптік жазаға тартылды.

Атап айтқанда, Жамбыл облыстық полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиевке қызметке сай еместігі ескертілді. Ақтөбе облыстық полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстановқа қатаң сөгіс жарияланды. Алматы облыстық полиция департаментінің бастығы Мұрат Ұрымхановқа бұған дейін де қатаң сөгіс жарияланған еді.

Тараз қалалық полиция басқармасының бастығы Ардақ Мадимаров қызметінен босатылды. Бұған қоса, Тараз қалалық полиция басқармасы қызметтерінің басшылары жазаланып, мектеп инспекторы ішкі істер органдарынан қуылды.

Барлық өңірлік басшыларға жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, қордаланған проблемалы мәселелерді тыңғылықты саралап, шешу тапсырылды.

Олардың қатарында учаскелік полиция мен мектеп инспекторларының жұмысын ұйымдастыруды өзгерту, олардың білім беру ұйымдарымен және әкімдікпен өзара іс-әрекеті, күзет ұйымдарын мектептер мен балабақшалардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмылдыру мәселелері бар.

«Аумақтық департаменттердің басшыларының назарын полицияны бағалаудың негізгі индикаторларының бірі кәмелетке толмағандардың қылмыстық озбырлықтан қорғалу деңгейі екендігіне аудартамын. Дәл осыны адамдар бізден күтіп отыр. Біз олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндеттіміз», – деді Тұрғымбаев.

Бұған дейін бұрын зорлық айыбымен істі болған ер адам Тараздағы №6 мектептің әжетханасында 7-сынып оқушысын зорлады деген ақпарат желіде желдей есіп, қоғамның қызу талқысына түскен болатын. Елді тіксінтіп, ата-аналар қауымын уайымға салған жағаұстарлық жағдайдан соң Жамбыл облыстық білім басқармасының басшысы, мектеп директоры, мектеп инспекторы және бірнеше мұғалім мен білім ошағының қызметкері жұмыстан шығарылды. Жаппай отставканың ізін ала ел президенті Тоқаевтың бұйрығымен Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаевты орнынан босатылды.

"The Qazaq Times"