Полицей жүргіншіні қаққан жол апаты орнына барған блогерді департамент басшысы смартфонын тартып алып, артынша «ақылға қонымсыз» себеппен айыппұл салынған.

Кеше түнде (қарашаның 8-і, сағат 22:30-23:10 аралығында) Орал қаласында мемнөмірі 614 КР 07,  174-ші борттағы полиция патрулінің көлігі жолдан өтіп бара жатқан бойжеткенді қағып кеткен. Дәрігерлердің айтуынша, жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілген 21 жастағы Лариса Бейсова ауыр жағдайда. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бойжеткеннің бас сүйегі зақымданып, миы шайқалғанын мәлімдеді. Ауруханада ес-түссіз жатқан қызға туыстары әлі жолыға алмаған.

Жол апаты болған жерге барған жергілікті блогер Айболат Бөкенов смартфонымен оқиға орнын видеоға түсірген. Блогердің сөзінше, ол Оралдың Зачаганск деп аталатын ауданына жеткен кезде зардап шеккен қызды жедел жәрдем алып кеткен. Азаттықтың хабарлауына қарағанда, Бөкенов оқиға орнына келген облыстық полиция департаментінің бастығы Махсұтхан Аблазимовқа сұрақ қойған. Өзін түсіруге тыйым салған полиция шенеунігі блогердің смартфонын қолынан жұлып алып, қарамағындағы қызметкерлеріне апат болған жерде түсірілген жазбаларды өшіріп тастауды бұйырған. Бөкеновті әуелі медициналық тексеруден өткізуге апарған, кейін Зачаганск полиция бөлімшесіне жеткізіп, үстінен «полиция қызметкерінің талабына бағынбау» бабы бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырған. Бүгін Азаттыққа берген сұхбатында блогер «Мен бөгет жасаған жоқпын, сұхбат алмақшы болдым» деген.

Бүгін түстен кейін облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі өзіне қарасты қызмет көлігі жол апатына ұшырағанын растады. Жүргіншіні қаққан полиция аға лейтенанты Ренат Баймұқашевқа қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы («Жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу») бойынша тергеу басталғанын хабарланды.

Сонымен қатар полиция департаменті блогер Айболат Бөкеновтің «тергеуге кедергі келтірді» деп түсіндіруге тырысқан. Азаматтық қоғам тарапынан «ашықтық пен жариялылықтан тартынатын жабық позициялы орган» деп сыналатын құқық қорғау органдары белсенділердің сөзінше, кез келген «ерекше көзқарасы бар азаматтан қылмыскер жасай алады».

;feature=emb_title

"The Qazaq Times"