Бүгін таңертең сағат 10:00 шамасында «қамаудан қашты» делінген астаналық белсенді Дулат Ағаділді бас прокуратура ғимаратының алдында полиция қызметкерлері қайта ұстап әкетті.
Азаматтық құқықтар мен саяси бостандықтардың сақталуын талап етіп әкімшілік сотқа тартылған белсенді Дулат Ағаділ қамаудан шығардан бір күн алдын жоғалып кеткен еді. Кеше Ақмола облысы полиция департаменті оны «Изолятордан қашты» деп, үйіне тінту жүргізіп, іздестіру шараларын жүргізген.
Қарашаның 14-і бір топ адам бас прокуратура және Ішкі істер министрлігінің алдына барып, Дулат Ағаділ туралы ақпарат беруді талап еткен.
Бүгін бас прокуратураның алдында полицейлер алып кетпей тұрып Ағаділ «өзінің заңсыз қамалғанын айтып, әділетсіздікке төзбей, сол жерден өз еркімен кетуге мәжбүр болғанын» айтты. Әлеуметтік желіде көрсетілген тікелей эфирде белсенді «қамаудан қашып шығуының себебін» түсіндірді:
– Мен шынымен де қашып кеттім, қашуға мәжбүр болдым. Себебі мені бір айдың ішінде бес рет соттады. Жоғарғы сотқа, бас прокурорға, ішкі істер министріне хат жаздым. Бірақ олардан жауап келмеді. Соған қарағанда Целиноград аудандық полиция бөлімшесі менің хаттарымды жібермеген сияқты. Менің құқығым бұзылып жатыр. Ала жіптен аттаған жоқпын, ешкімнің ақшасын ұрлаған жоқпын. Ешкміді өлтірген жоқпын, зорлаған жоқпын.
Бас прокуратура алдында белсенділер мен туыстары полиция қызметкерлерінің оны ұстауына қарсы болғанмен оны көлікке отырғызып, Целиноград ауданына алып кетті. Соңғы рет қарашаның 4-і күні Ақмол кентінде полицияға бағынбағаны үшін сот шешімімен 10 тәулікке қамалған.