Сейсенбі күні Қытайдағы Ішкі Моңғол автономиялы регионына қарасты Шилиңғол аймағында жұқпалы аурумен ауырған екі адамға Бейжіңнің сарапшы мамандары «оба дертін жұқтырған» деген диагноз қойған. Қытайдың ресмилері жұқпалы ауру қауіпті індет күйінде емес екенін айтқанымен, қытайлық қоғамда жұқпалы індеттің үрейі тарап кетті.

Қытайда Жұқпалы ауруларды бақылау және алдын-алу орталығы сәрсенбіде Бейжіңдегі барлық медициналық және денсаулық сақтау бөлімдері әртүрлі алдын-алу және бақылау жұмыстарын қолға алынғанын айтты. Бейжіңнің Чаоян ауданының халық үкіметі де хабарламада тиісті алдын-алу және бақылау шаралары жүзеге асырылғанын мәлімдеді. Денсаулық сақтау және денсаулық сақтау жөніндегі ұлттық комиссия, сонымен қатар, арнайы жасақталған сарапшылар тобы Ішкі Моңғолияға барып, инфекция көзі мен таралу жолын анықтауға кіріскен.

Бірақ, The New York Times басылымы кеше кейбір қытайлық ақпарат көздері ұсынған мәліметтерге сілтеме жасай отырып, Қытай үкіметінің қауіпті індет жөніндегі мәліметті мақсатты түрде жасырып қалуы мүмкін екенін жазған. Бұндай тәжрибелер қытайлық билік тарихында көптеп кездесетінін алға тартқан. Аталған басылым Қытай үкіметі цензурасымен елдегі кең аудиторияға ие ақпарат құралдарында обаға қатысты мәлімет таратуды, талқылауды шектеп отырғанын жазған.

Оба – бұл адамзат тарихында аса ауыр зобалаң әкелген қауіпті індеттердің бірі. Жұқпалы ауру ауамен тарап, қысқа ғана уақытта мыңдаған, жүз мыңдаған адамның жанын жалмайды. «Қара өлім» деген атпен тарихта қалған оба індеті XVI ғасырда Еуропада тарап, миллиондаған адам қырылған. Қазақ даласында да бұл ауру туралы түрлі деректер қалған. Ал, Қытайдың Шанши және Доң-Бэй деп аталатын солтүстік-шығыс аймақтарында тарихта ауыр оба індеті тарағаны мәлім.

“The Qazaq Times”