Соңғы жылдары Батыс ақпарат кеңістігінде Ресей мен Қытайдың Африкадағы қадамдары жиі айтылуда. Қытайдың Африкадағы қадамдары көпке белгілі. Бұл тақырып бұдан бұрын да сайтымызда және өзгеде қазақ тілді ақпарат кеңістігінде айтылып келді. Ал, Ресейдің «Қара құрлықтағы» әрекеті туралы көпке бірдей таныс болмаса керек. Бұл тақырып Сочи қаласында өтіп жатқан Ресей-Африка саммитіне байланысты күн тәртіпте тұр десе де болады.
Мәскеудің Африкадағы аяқ алысы
Өткен ғасырдағы «Қырғи қабақ соғыс жылдары» («Суық соғыс» деп те аталады) Кеңес одағы Африкадағы ең ықпалды елдердің бірі болып келді. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін Мәскеу бұл құрлықтағы саяси, экономикалық, әскери ықпалын бұрынғыдай сақтап қала алмады. Тек, Путин билігі тұсында ғана Мәскеудің Африкадағы әрекеттері жандана түсті. Әсіресе, соңғы жылдары Ресей Африкада белсенділігімен көзге түсіп келеді.
Ресей президенті Владимир Путин бір реткі мәлімдемесінде Африка елдерімен қарым-қатынасты нығайту Ресейдің сыртқы саясатының маңызды бөлігі болатынын айтқан еді. Ресейдің Африкадағы мақсатын әркім әр түрлі жориды. Бірақ, қандай болмасын Мәскеу Африкада Кеңес одағы кезіндегі ықпалын қайта тірілткісі келері анық көрнеді. Бұған Путиннің сөзі де дәлел.
Ресей Африкамен қандай бағытта жұмыс жасап келеді.
Сочидағы жиын сауда қарым-қатынастарын басты тақырып етті. Осы саммиттің алдында Ресей президенті ТАСС ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында Ресейдің Африкадағы қарым-қатынасын дамыту бағыттарын санап көрсеткен.
Олар мыналар:
Саяси және дипломатиялық қолдау;
Қорғаныс-қауіпсіздік саласында көмек беру;
Экономикалық көмек;
Денсаулық сақтау саласындағы көмек;
Гуманитарлық көмек көрсету;
Білім беру тармағы бойынша істестік орнату.
Батыс неден алаңдады?
Батыс ақпарат кеңістігінің бұл тақырыптарды көптеп қаузайтын жөні бар. Батыс елдері Ресейдің Африкадағы әрекеттерінен қауіптене бастады. Себебі, Африкамен байланыстағы кейбір салаларда Ресей Батыс елдерінің алдына озып шықты. Соңғы жылдары Мәскеу Африкамен байланысты тіпті де жиілете түсті. Айталық, 2015 жылдан бері 12 африкалық лидер Ресейге ресми сапар жасаған болса, соның алтауы 2018 жылы Кремль табалдырығын аттаған.
Ресейдің Африкадағы аяқ алысы АҚШ-ты осы құрлыққа бағытталған жаңа стратегиялық жоспар жасауға мәжбүр етті. Былтыр президент Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Жон Болтон жаңа стратегия жариялай отырып, Ресей мен Қытайдың осы құрлықтағы ықпалын тең салмақта ұстап тұру туралы жоспарымен таныстырған. АҚШ жаңа стратегиясы арқылы АҚШ пен Қытайдың Африкадағы ықпалын ығыстырып тастауға тырыспақ. Бірақ, АҚШ-тың бұрынғы шенеуніктері Уашингтонның Африкадағы әрекеттері жетерлік деңгейде емес деп сынап келеді.
Ресей Африка құрлығында әскери қорғаныс саласы бойынша басымдық ала бастады. 2014 жылдан бері Ресей Африкадағы 14 елмен әскери ынтымақтастық орнатып үлгерді. Нәтижесінде, Африка орыс қару-жарақтарының екінші үлкен базарына айналды. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, Ресей қару-жарақ саудасының 60 пайызы Азия елдеріне, 17 пайызы Африкаға, 16 пайызы Батыс Азияға (Батыста Таяу Шығыс делінеді), 5,7 пайызы Еуропаға, 1,3 пайызы Америка құрлығында жасалған. Айта кету керек, әлемдік қару-жарақ саудасында АҚШ бәрі бірдей көш басын бермей келеді. Ресейдің шетелдерге сатқан қару-жарағы мен оның сауда көлемін АҚШ-пен салыстыруға мүлде келмейді.
Дегенмен, Африкаға жөнелтілген орыс қаруларының басым көбі Алжирге жеткізілген. Өзге африкалық елдерге сатылған қару-жарақ мөлшері 3 пайызға жетпейді. Африкаға сатылған қару-жарақтар арасында әскери ұшақтар, әскери және тасымал тікұшақтар, зымырандар мен танктер де бар.
Ресейдің жалдамалы әскерлері Африкада
Әскери ынтымақтастық аясында бірқатар Африка елдерінде Ресейдің жалдамалы әскерлері бар. Олар африкалық үкіметтердің талабы бойынша қарулы көтерілісшілерге қарсы күресуде. БҰҰ бейбітшілік күштерімен бірге міндет атқарып жүрген ресейлік сарбаздар да бар.
Қазірге, Ресейдің жалданбалы әскерлері үш бірдей Африка елінде байқалған, айталық Орталық Африка, Судан және Ливия елдері. Ең қызығы Африкада әскери әрекеттермен айналысып отырған Wagner атты жекелік әскери компания. Бұл компанияның Кремльмен тығыз байланыста екені де айтылуда. Кейбір әскери сарапшылар, Африкадағы жеке әскери компаниялар Мәскеудің бұйрығына бағынады.
Соңғы жылдары әлем елдері арасында жекелік әскери компаниялардың тақырыбы жиі айтылып келеді. Негізінен мемлекеттер мен жекелік әскери компаниялар арасындағы байланыс көбірек талқылануда. Әскери компаниядағы жалданбалы армия Африкада кен орындарын күзету арқылы өзін-өзі қаржыландыра алады. Бұған қоса мемлекеттерден астыртын қаржылық қолдау да алатынын белгілі. Ресей президенті жекелік әскери компаниялар туралы пікірінде «олардың әлемнің жер-жерінде қызмет өтеуіне құқығы бар» деген ойын айтқан. Егер сондай мүмкіндікке ие және қарулы армиясы бар жекелік компаниялар әлемнің жер-жерінде Мәскеудің бұйрығын орындайтын болса, бұның нәтижесі тым үрейлі.
Сірге жияр сөзді жалпы Африка құрлығындағы державалардың ойындарына тіреуге болады. Саяси тұрақсыздыққа және кедейлік пен әлеуметтік дағдарысты ондаған мемлекеттердің қайшылығына қарамастан державалардың Африкада белсенді әрекет ететінінің себебі айтпаса да түсінікті. Африка әлемдегі жер асты байлық қоры мол құрлықтардың бірі. Осы табиғи кен және энергия байлығы алыптарды өзіне тартып отыр. Африкадағы саяси тұрақсыздықтың, мемлекеттер арасындағы және өз ішіндегі қайшылықтардың тез шешім таппауына да соның әсері мол. Бір сөзбен айтқанда әлсіз елдердің байлығын державалар бөліске салғысы келеді.