Кеше, қазанның 23-і ел астанасының төрінде өткен «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты ІІІ республикалық имамдар форумында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев қабылданған 3 құжаттың мәнін сөз етіп, имамдарды «бірлесе жұмыс жасауға» шақырды.

Республиканың әр өңірінен келген 500-ге жуық имамның басын қосқан алқалы жиынға ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Серікбай Қажы Ораз, ел премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, ақпарат министрі Дәурен Абаев, Президенті Әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошановтар да қатысты.

"Жеті рухани қазық" тақырыбындағы республикалық ІІІ имамдар форумына қатысқан шенеуніктер. 23 қазан 2019 жыл. Елорда. Фото: ашық дереккөз

Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев сөз алған тұста-ақ экс-президент Назарбаевтың «Экономиканың дамуынан бес жыл қалып қойсақ, оны он жылдың ішінде қалпына келтіруге болады. Ал егер рухани жағынан бес жылға қалып қойсақ, оған ең кем дегенде жиырма-отыз жыл керек» деген сөзін ерекше тебіреніспен еске ала отырып:

– Форумның «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» аталуы өте дұрыс. Біздің ұлтымызда «Бірлік барда, тірлік бар» деген жақсы сөз бар. Екінші маңызды мәселе – тұрақтылық. Тұрақтылық болса, экономика дамиды, халықтың тұрмысы жақсарады. Адамның сана-сезімі жоғары болуы керек, өзінің ұлттық құндылықтарын сақтамаса, алысқа бармайды. Адам үшін ең бастысы, бала-шағасына тәрбие беру. Әкелік, аналық борышын балаларының алдында орындаса, өз міндетін толық атқарған болар еді», – деді.

Бердібек Мәшбекұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына жылы лебізін білдіріп, ел имамдарының халық өміріндегі атқаратын рөлін атап, жастарға «ірткі салушы» арандатушылар туралы «заман талабына сай уағызбен» «түсіндіру керектігін» айтты:

– Ел ішінде бірлікті сақтауға, тәлім-тәрбие беруде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының атқарып жатқан еңбегінің маңызы зор. Мемлекет сіздерді қолдайды. Халық, әсіресе, ауылды жерлерде уағыздарыңызды көптеп тыңдайды. Мешіттерге жастар барып жатыр. Қалталы азаматтар мешіт тұрғызып, қасына медресе, ас беретін орындар салып жатқаны өте жақсы. Сіздер адам өмірге келгеннен бастап, өмірден озғанына дейін қасында боласыздар. Сіздер айтатын уағыз заман талабына сай болуы керек. Ең негізгісі – арамызға іріткі салушылардан аулақ болуымыз қажет. Олардың айтатын сөздерін, не үшін іріткі салып отырғандығын, мақсаттары қандай екендігін жастарға түсіндіру керек. «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасында отаншылдық жақсы айтылған. Отанымыздың абыройы үшін бірлесе жұмыс жасайық. Тұғырнамада еңбекқорлық, білімділік туралы айтылған. Бұлардың барлығы өте маңызды. Форум жұмысына Қазақстан Үкіметі атынан алғысымды білдіремін, –  деді вице-премьер.

Еске сала кетсек, форум аясында «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы», «Дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер тізілімі» және «ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі және міндеттері» атты үш құжат қабылданды.

Қазақстан үкіметі басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев имамдарға "жастарға ірткі салушыларды түсіндіру керектігін" ескертті. 23 қазан 2019 жыл. Елорда. Фото: ашық дереккөз

Жалпы соңғы кездері азаматтық қоғам тарапынан Қазақстан билігін «мемлекет ісіне діннің араласуына мүдделі« деп айыптап сынайтын пікір күшейе түсті. Жаздағы жарылыстан босып қашқан арыстықтармен тіл табыса алмаған Шымкент қаласы мен облыс әкімдерінің имамдардың, мешіттің көмегіне жүгінуі және ІІМ тексеріс жүргізіп жатқан діни арна басшысы, экс-айтыскер М.Тазабековтің күштік органдар алдында «полицияның митингіде қалай әрекет ету» жайындағы дәрістері қоғамның қызу талқысына түскен еді. Жарты жылдан бері «Діни тұлғаларды саяси медиатор я айдап салушы» ретінде бағалаған қоғам белсенділері «діннің билік ісінде қолшоқпар болмауын» талап етіп келеді.

"The Qazaq Times"