Кеше Талибан өкілі Сухаил Шахин мәлімдеме жасап, Ауғанстанның ішкі бейбітшілік келіссөздерінің жаңа раунды келесі аптада Қытайда өтетінін білдірді. Ауғанстандағы зорлық-зомбылық әрекеттердің саны артқанымен, бейбітшілік келіссөздері де қатар жүріп жатыр. Ал, соңғы уақыттарда Қытай тарабы да Ауғанстандағы ішкі мәселелерге белсенді араласа бастады. Бұған Трамптың АҚШ әскерлерін Ауғанстаннан шығару туралы шешімі де өзіндік әсерін тигізді.
Мәлімдемеде айтылуынша, келіссөздердің жаңа раунды 28-29 ақпан күндері өтеді. Ауғанстан ресми өкілдерінен 25 адам, ал тәліптер тарабынан 15 адам екі күндік келіссөзге қатысатыны белгілі болды. Бұл шілде айында Доха қаласында өткен Талибанның жан-жақты келіссөзінен кейінгі алғашқы үлкен кездесуі. Талибан ұйымының Дохада саяси бюросының орналасқаны да белгілі. Кезекті келіссөздің Қытайда өтетіні де көптеген елдердің назарын аудармай қоймайды.
Ауғанстан мен Қытайдың Шыңжаңы шекараласып жатыр. Қытай үкіметі Ауғанстандағы қарулы топтар мен Шынжаңдағы «экстремистік топтар» деп аталған топтардың байланыс орнатуынан алаңдап келген. Қыркүйек айында АҚШ тәліптермен бейбіт келіссөзді тоқтатқаннан кейін Қытай Ауғанстандағы ықпалы барған сайын күшейіп келе жатқан тәліптермен диалог мүмкіндігіне ие болды.
Тәліптер қазір Ауғанстан үкіметін «АҚШ-тың қуыршағы» деп қарайтындықтан, Кабулдағы ресми үкіметпен келіссөзді тоқтатқан. Сондықтан үкімет өкілдері келіссөзге жеке өз атынан қатысуда. Соған қарамастан, Ауғанстан Сыртқы істер министрлігі келіссөзді қолдайтынын жеткізді.
Ал, дүйсенбі күні АҚШ Мемлекеттік департаменті мәлімдеме жасап, АҚШ-тың Ауғанстандағы арнайы өкілі Залмай Хализад Ауғанстанда бейбітшілік орнату мақсатында БҰҰ, НАТО және Еуроодақты қамтыған Ауғанстан бейбітшілік келіссөзінің жаңа кезеңін бастайтынын айтқан. Бұған қоса Хализад Ауғанстан бейбітшілік келіссөздерін толықтыру мақсатында Ресей мен Қытай өкілдеріне де кездесетіні мәлім болды. Айта кету керек, бір жыл ішінде Залмай Хализад тәліптермен 9 мәрте келіссөз жүргізіп, соңғы сәтті Трамп келісімді жарамсыз деп шешім шығарған болатын.
Трамп үкіметі Ауғанстандағы АҚШ-тың 14 мыңнан астам сарбазын елге қайтару шешімін жалғастыруға тырысып жатыр. Трамптың пікірінше Ауғанстанның қауіпсіздігі мен бейбітшілігін енді Ауғанстан үкімет күштері өз мойнына алуы керек.
Ауғанстандағы АҚШ әскерлерінің саны 8 мың 600 адамға дейін қысқаруы мүмкін. Оны өткен демалыс күндері Ауғанстанға тұңғыш рет сапарлай барған Пентагонның қазіргі басшысы Марк Эспер мәлімдеді. Бір сөзбен айтқанда Ауғанстан әлі де державалар арасындағы тартысты ойынның майданы бола түсуде. Өзгерісі тек Қытайдың Ауғанстандағы ықпалының барған сайын артып келе жатуында. Ауғанстан мәселесі Орталық Азияға тікелей әскер ететіндіктен, еліміздің стратег-саясаткерлерінің бұған баса мән беруі тиіс.