Денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитетінің басшысы Людмила Бюрабекова Қазақстан дәрігерлері тірі туған 277 нәрестенің өлімін жасырғанын мәлімдеді.
Денсаулық сақтау министр Елжан Біртанов Сенат отырсындағы баяндамасында ел естіп көрмеген, естігенін есеңгіретер ауыр фактімен бөліскен. Оның сөзінше, ел дәрігерлері 277 баланың өлімін жасырған. Отырыстан соң Людмила Бюрабекова тілшілерге:
– Біз Қазақстанда өлі туған нәрестелердің 2018 жылғы көрсеткіші бойынша анализ жасадық. Аймақтардың перзентханаларында бұзылмай қалған шыны құралдарды көтеріп, бала сол шыны аппаратқа салынғанда демалып жатты ма, әлде, шынымен өлі туды ма, соны тексердік. Осы тексеруде аймақтардың статистиканы жақсарту үшін балалар тірі туып, кейін өліп қалса да, оны өлі туды деп есептеген жағдайларды анықтадық, – деді.
Ведомство жүргізген аудит қорытындысы бойынша, 2018 жылы Қазақстанда 277 бала тірі туған, бірақ, оны дәрігерлер өлі туды деп жазғаны анықталған. Бір қызығы, аталмыш зерттеу-тексеру аудитіне Маңғыстау облысы қатыспаған. «Себебі, Маңғыстау облысы шыны аппараттарды жойып жіберген, бұл денсаулық сақтау ережесіне қайшы, бірақ ешқандай жаза көзделмейді», – дейді.
Оның сөзінше, бала өлімін жасырған аймақтар қатарында Қызылорда, Жамбыл, Атырау облыстары алдыңғы орында. Ең сорақысы, аймақтар үшін қызыл шақаның тірі туып өлгенінен гөрі, бірден өлі тууы – «тиімді» болған екен.
Бақылау комитетінің басшысы Бюрабекова «ана мен бала өлімінің көрсеткіші бойынша Денсаулық сақтау министрлігі мен облыс әкімдері арасында меморандум бар. Сондықтан, жалпы, статистика бәсекеге әсер етеді. Яғни, көрсеткіштер жаман болған сайын, біздің әлемдік рейтингтегі позициямыз төмендей береді. Бұл статистикада тірі туған, бірақ өліп қалған бала – бір бөлек, ал, өлі туған бала – басқа статистика» екенін айтады.