Сүриядағы жағдайды әскери емес, саяси жолмен шешу қажет, – дейді Люксембургте өткен жиында Еуропалық дипломатия басшысы Федерика Могерини.
Түркияның Сүриядағы әскери операциясы ЕО қауіпсіздігіне нұқсан келтіретінін айтқан Федерика Могерини: «Әскери операция салдарынан «Ирак және Левант лаңкестік ұйымы» әрекеті қайта жандануы мүмкін. Мұндай жағдай Еуроодақ қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретіні сөзсіз. Сондай-ақ ол өңірлік және халықаралық қауіпсіздік үшін де аса қатерлі. Жалпы Еуропалық одақ Сүриядағы әскери іс-қимылдарға ешқашан қатысқан емес. Себебі, бұл өңірге онсызда көптеген армия жұмылдырылған. Бірақ қақтығыс әскери іс-қимылмен емес, саяси жолмен шешілуі қажет. Түркия аталған аймақта операция жүргізе бастағалы бері мәселе одан сайын күрделеніп кетті. Сондықтан осы бір түйткілді жаһандық деңгейде талқыға салып, оған нүкте қою жағын қарастыру қажет», – дейді.
Еуропалық одақ кеңесінің қорытынды мәлімдемесінде одақтың Сүрия егемендігіне әрі бірлігі мен аумақтық тұтастығына нұқсан келтірілмеуі қажеттігі айтылған. Сонымен қатар, Сүриядағы шиеленіске қатысты кез келген мәселе БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2254 резолюциясы мен 2012 жылы қабылданған Женева коммюникесіне сәйкес шешілу керек.
Еске сала кетейік, 9 қазанда Түркия Сүрияның солтүстігінде «Бейбітшілік қайнары» аталатын арнайы операция бастаған. Түрік авиациясы мен артиллериясы көрші ел аумағындағы күрд жасақтарын соққыға алды. Әскери операцияның мақсаты – лаңкестерге оңтүстік шекарада дәліз құруға жол бермеу.