Биыл 8 айда азаматтық авиацияда 5,6 млн жолаушы тасымалданған. Аталған көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,8%-ға артық. Саны мен құны артқан қазақстандық авиа саласында қандай жаңалықтар бар? Алдағы күндері әуе билеттерінің бағасы арзандай ма? Осы сауалдар төңірегінде өткен Үкімет отырысында азаматтық авиацияны дамыту мәселелері және әуе билеттерінің бағасын одан әрі төмендету шаралары қаралды.

Премьер-министр сайтының мәліметінше, саладағы жағдай туралы ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов, «Самұрық-Қазына» АҚ көлік және логистика жөніндегі басқарушы директоры Қ. Алпысбаев, ҚР энергетика министрі Қ. Бозымбаев, «Эйр Астана» АҚ президенті П. Фостер баяндаған.

Қазіргі уақытта Сингапур мен Шанхайға рейс ашу қарастырылып, Нью-Йоркке ұшу үшін отандық авиакомпанияларды аккредиттеу жүргізіліп жатыр. Ал барынша кеңейтіліп жатқан ұшу географиясына зер салсақ, Қазақстан 99 халықаралық бағытта 24 шет елмен әуе қатынасын жүзеге асырады, соның ішінде 2019 жылы Нұр-Сұлтаннан Токиоға, Прагаға, Ұлан-Батырға бағдарлар ашылды. 9 әлемдік қаржы орталықтарымен тұрақты әуе қатынасы орнатылған. Халықаралық қатынастан бөлек, таяу арада Қостанай және Балқаш әуежайларының ұшу-қону жолағының реконструкциясы, Түркістандағы әуежай құрылысы мен Шымкенттегі терминал құрылысы аяқталып, өңірлерде шағын авиация мен аэродромдарды дамыту жөніндегі бағдарлама әзірленбек.

Ресми деректерге көз жүгіртсек, биыл қазақстандық МӨЗ-дерді жаңғыртудың арқасында авиациялық отын өндіру көлемі 2018 жылғы өндіріспен салыстырғанда 694 мың тоннаға яғни 1,8 есеге өскен. Жылдың «жаңалығы» ретінде авиа билеттердің бағасын төмендету мақсатында арзан бағалы әуе компаниясы – «FlyArystan» лоукостері ашылып, мамырдан бастап 450 мыңнан астам билет, олардың 60%-ға жуығы 10 мың теңгеге дейін минималды тарифтер бойынша сатылған. Жақын уақытта Нұр-Сұлтаннан Павлодар, Семей және Шымкент қалаларына билет бағасы 5999 теңгеден басталатын жаңа рейстер ашылады. Павлодарға опциондық тарифтер 999 теңгеден бастап сатылымға шыққан. 2020 жылдың соңына дейін лоукостер Мәскеуге халықаралық байланыстар ашуды жоспарлап отыр.

Сонымен, өзекті тақырыпты талқылау мақсатында өткен Үкімет отырысының нәтижесінде Асқар Мамин отандық әуежайларда шетелдік авиакомпаниялар үшін «ашық аспан» режимін ұсыну жұмысын белсенді жүргізуді, сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» қорына 2020 жылы мемлекеттік холдингтің басқаруындағы авиакомпаниялардың әуе кемелері паркін ұлғайтуды және олардың ұшу географиясын кеңейтуді қамтамасыз етуді тапсырды. Премьер-министрдің айтуынша, бұл жаңа шетелдік авиакомпанияларды тартуға, бағыттарды көбейтуге, авиакомпаниялар арасындағы бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік береді.

"The Qazaq Times"