Әлемнің бірқатар елінде климаттың өзгеруіне қарсы шара қолдануды талап еткен наразылық шерулері өтуде. Шеруге көбінде мектеп жасындағы және студент жастар қатысуда. Аустралия, Үндістан, Кения, Тынық мұхиты аралды елдерінде де осындай наразылықтар болды. Нью-Йорк қаласындағы шеруге 1 млн 100 мың мектеп оқушысы рұқсат алып қатысты.

Жер асты байлықтарын қазуды тоқтату және климаттың жылынуына қарсы шаралар қолдану талабын қойған акцияны былтыр Грета Санберг атты мектеп оқушысы бастаған болатын. Ол өз наразылығын білдіру үшін мектептен шығып, наразылық шарасын ұйымдастырған.

БҰҰ Жер шарының орташа температурасы 1,5 С° көтерілсе ғаламдық дағдарысқа апарып соғатынын ескертеді. Биылғы жаз әлемде климаттың өзгерісі анық көрінген, апатты жаз болды. Бірқатар елдер климат өзгерісінен болған табиғи апаттардан зардап шекті.

Ғалымдар климаттың өзгерісінен ауыл шаруашылық саласы, фермерлер көбірек зиян тартатынын айтады. Оған қарсы тұру үшін тұтас адамзаттың өзгерістерді сезініп, оған қарсы тұруға жұмылуы ең басты шарт.

Ғылыми зерттеулердің нәтижесіне негізделсек, егер климаттың жылынуы осы қарқынынан жазбаса, 2050 жылға барғанда Жер бетіндегі халық саны тығыз бірнеше аймақта адам өмір сүруі мүмкін болмай қалады. Айталық, Оңтүстік Шығыс және Оңтүстік Азия, Орта Шығыс Орталық Африка өңірлері. Ылғалды ауа климатындағы бұл аймақтар температураның жоғарлауынан ылғалды ыстық ауа климатына өзгеріп, адамның тыныс алуын қиындата түседі. Нәтижесінде миллиондаған, тіпті миллиардтаған адамның қауіпті миграциясына алып келеді.

Батыс ақпарат құралдарының хабарына қарағанда, климаттың жылынуы Өлі теңізде көбірек байқалады. Өлі теңіздің суы жыл сайын азайып, жағалаулар құрғап жатыр. Елде ауыз су мөлшері де азайып, кей өңірде аптасына 24 сағат қана су берілуде.

“The Qazaq Times”