ҚР-ның Бас прокуратурасы Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің бастығы Сапарбек Нұрпейісов 21 қыркүйекте өтуі мүмкін митингке және оның ұйымдастырушысы Әбілязовқа қатысты пікір білдірді.

«Митингтерге қатысты Бас прокуратура бірнеше рет түсіндіріп өтті. Бірақ мен рұқсат берілмеген жағдайда қандай жауапкершілік жүктелетінін тағы бір еске салғым келеді. Біздің азаматтардың барлығы біледі, митингке шығудың өз процедурасы бар. Межеленген датадан 10 күн бұрын рұқсат алу керек. Егер осы тәртіппен рұқсат алынған болса, оны ұйымдастырушылар ешқандай жауапқа тартылмайды. Ал рұқсатсыз шықса, 15 күнге қамау жазасына дейін қарастырылған. Митингті ұйымдастырушылар азаматтардың құқығына, ұйымдар мен мемлекеттің мүддесіне зиян келтірсе, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. ҚР ҚК 400-бабы бойынша 50 тәулікке дейін қамау да бар. Сондықтан азаматтарға қаратып айтқым келеді – көшеге шықпас бұрын рұқсат алу керек», – деген Бас прокуратура өкілі қыркүйектің 21-іне жоспарланған митингке қатысудың заңсыз екенін түсіндіруге тырысты.

Сапарбек Нұрпейісов Қазақстанда соңғы кездері жиі шерулер ұйымдастырып жүрген негізгі бастамашы экс-банкир М.Әбілязовтың жетекшілігіндегі ұйым туралы «Қазір өздерін «ДВК» деп атайтын ұйым жақтастары 21 қыркүйекте көшеге шығуға үндеп жүр. Оған Қазақстан аумағында экстремистік ұйым ретінде тыйым салынған. Естеріңізге салғым келеді, 2005 жылдан бері прокурорлардың өтініші бойынша сот 8 ұйымды экстремистік деп таныған. Олар: «Хизбут тахрир әл ислами», «Таблиғи жамағат», «Сенім. Білім. Өмір», «Алға»Халық партиясы», «Халық майданы-Народный вронт», «Ат-Такфир Уа-аль Хиджа» және «Йакын Инкар» және «ДВК». Бұл аталған ұйымдар экстремистік деп танылғандықтан, олардың қызметіне қатысу заңмен қудаланады. Біздің азаматтарға тағы да түсіндіргім келеді – экстремистік ұйымның қызметіне кез келген формада қатысу заңсыз», – деді.

«Бұл жерде тікелей қатысу міндетті емес. Біреу жасырын қатысып, көлікпен қамтамасыз етуі мүмкін. Біреу «ДВК» жақтаушылары мен қатысушыларды жүйелі түрде жасырып келуі мүмкін. Біреу қаржыландырып, түрлі үнпарақтар таратуы мүмкін. Әлеуметтік желіде пост пен комментарий таратып, бөлісу де – экстремистік ұйымның жұмысына физикалық, ақпараттық, қаржылай көмектесу деп қаралады. Ал бұған заңмен тыйым салынған. Біз ылғи ескертіп келеміз. Тағы да азаматтарымызға қылмыстық қудалау шеңберінде қалмас үшін заң талаптарын сақтау керектігін ескертеміз», – деді ол.

Прокуроратура өкілінің айтуынша, биыл азаматтарды заңсыз ұстаудың 600 фактісі анықталып, 149 адамға қатысты негізсіз қылмыстық қудалау тоқтатылған. Сондай-ақ қылмыстық іс жүргізу заңнамасын өрескел бұзғаны үшін 4 177 тәртіп сақшыға жаза қолданылған деседі.

Нұрпейісов сөзіне сенсек, бүгінде шет мемлекеттермен Италия, Испания, Солтүстік Македония, Оңтүстік Корея, Болгария т.б. қылмыскерлерді бірлесіп ұстау бойынша 69 келісім жасалған. Қазақстан оларға 77 шетелдікті ұстап берсе, соңғы 5 жылда шет елдерден Қазақстан аумағында қылмыс жасағаны үшін іздеу жарияланған 356 азамат елге қайтарылған екен.

–  Менің Әбілязовқа сенетін адамдарға айтарым, Әбілязовке сенбеу керек. Оның заңсыз наразылық акцияларына ермеу керек. Ақша төлесе – ол біздің азаматтарымыздан ұрланған ақша. Әбілязов пен оның жақтастары – сотпен тыйым салынған "ДВК" экстремистік ұйымының белсенділері қарапайым адамдарды алдап, оларды әдейі қылмысқа баруға арандатуда. Өзі болса Францияда тығылып отыр, әрі Қазақстанда және басқа елдерде ұрланған ақшаға өмір сүріп жүр. Құрметті отандастар, мен осы платформаны пайдалана отырып, сіздерді арандатушылыққа бой алдырмауға, тыйым салынған ұйымдардың заңсыз әрекеттері мен қызметіне қатыспауға шақырамын. Біз әрқашан да мемлекетіміздің ұлтаралық келісімі мен бауырластығы сияқты жетістіктерін бағалай білуіміз керек. Еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылық сіздің санаңызға байланысты, – деп қорытындылады Сапарбек Нұрпейісов.

Айдың алғашқы аптасында «Қытай экспансиясына» қарсы өткен наразылықтарда көзге түскен 20 шақты белсенді екі аптадан соң, 16-18 қыркүйек аралығында жаппай ұсталып, көбі 15 тәулікке дейін сотталды.  Сарапшылар азаматтық қоғам белсенділерін жаппай тұтқындау әрекеті сырттай 20 жылға сотталып, артынан жазасы өмір бойына бас бостандығын айыруға ауыстырылған экономист, экс-банкир Мұхтар Әбілязов жетекшілік ететін Қазақстанда ресми түрде экстремистік ұйым ретінде танылған  ҚДТ қозғалысы шақырған 21 қыркүйек күні өтуі мүмкін нарзылықтарға байланысты екенін айтады. «Алаңға шыққандардың бәрін Әбілязовтың жақтастары деп санау биліктің үлкен қателігі» дейді қоғам белсенділері.

Биліктің ҚДТ жақтастары мен азаматтық қоғам өкілдерінің аражігін ажыратпай жатып  жаппай жауапқа тартуы қаншалықты "өнімді профилактика" екені белгісіз.

"The Qazaq Times"