Қазір көшелердегі жарнама, көрнекі ақпаратқа көз салсаңыз көңіліңіз түседі. Тіл заңын сақтамағаны былай тұрсын, мемлекеттік тілді мазақ қылғандай бей-берекет аударылған жарнама, ақпараттар көз ұялтады. Ал, еш аудармасыз орыс тілінде ғана іле салатындар тіпті көп. Қысқасы, тіл туралы заңды орындалуы әлсіз, оны қадағалау кемшін еді. Енді, бұл кемшіліктің орнын толтыру ел астанасынан басталды.

Нұр - Сұлтан қаласында «Тіл тазалығы – баршаға ортақ іс» жобасының екінші кезеңі басталғанын хабарлаған едік. Енді қала басшылығы бекіткен кесте-жоспар бойынша нақты жұмыс қолға алынып, әкімдік қызметкерлері мен сарапшы мамандардан құралған топ қаланың төрт ауданы бойынша нақты іске кірісіп кетті.

Естеріңізге сала кетейік, жобаның негізгі бағыты қала көшелеріндегі тіл тазалығын ретке салу. Яғни, Қазақстан Республикасы Тіл туралы заңның 21-ші бабындағы «...маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, басқа да көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде және орыс тілінде, ал қажет болған жағдайда басқа да тілдерде жазылады» деп белгіленген талаптың орындалуын тексеру.

Осыған орай, бүгін Байқоңыр ауданы бойынша жұмыс атқаратын топ Таха Хусейн көшесінде орналасқан нысандарды қарап шықты. Кеше осы көше бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, заңға сай емес жарнама, көрнекі ақпарат иелеріне ескертілген еді. Алайда, олардың кейбірі заң талаптарына сай емес ақпараттарды алмапты.

Қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қызметкерлері Айгүл Иманғали, маман Айтжан Шолпан және Байқоңыр ауданы әкімдігі Кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің маманы Бектемір Жолдасқажиев бастаған топ аталған нысан иелеріне тағы да ескертіп, заңсыз жарнама, көрнекі ақпараттарды алдырып тастады.

Осы орайда, жоба аясында қала әкімдігінің тіл заңын сақтамаған нысан иелері мен кәсіпкерлерге тиімді жол ұсынып отырғанын айта кету керек. Себебі, олардың кейбірі қалалық Сәулет-құрылыс басқармасымен келіспей сыртқы жарнама орнатуда заңсыздыққа жол берген, онымен қоймай тіл заңын да сақтамаған. Жұмыс тобы оларға ешқандай әкімшілік жаза, айыппұл салуды міндеттемейді, заң аясында ескертіп, өздері дайындап әлкеген жұмысшы күші және техниканың көмегімен заңсыз жарнама, көрнекі ақпараттарды алып тастайды. Кәсіпкерлер мен нысан иелері шығынданбайды. Тек келесі жарнама мен көрнекі ақпаратты заң талабына сай орналастырса болғаны.

Бүгінгі тексеру барысында Таха Хусейн көшесіндегі дәмхана иесіне ескерту жасалды. Кәсіпкер сыртқы көрнекі ақпаратты алып тастауға бірден көнбей бес күн рұқсат сұрады. Оның ісі заңсыз болса да, жұмыс тобы түсіністікпен қарап, мұрсат берді. Осы орайда, әкімдік қызметкерлеріне көнбей, олардың жұмысына кедергі келтіргісі келетіндердің де бар екенін айта кету керек. Кейбірі тіл туралы заңның талабын біліп тұрса да орындағысы келмейді. Тіпті, "кәсіпкерлікке кедергі келтіріп жатырсыңдар, прокуроға шығымданамыз" деген сипатта "қорқытып-үркіткісі" келетіндері де кездеседі. Осындайда, тіл заңын сақтауды үнемі қатаң қадағалайтын тіл полициясы керек екенін сезінесің.

Шыны керек, әбден қордаланып қалған тіл мәселесінде осындай нақты жұмыс істеу салмақтылық пен сауаттылықты, батылдықты қажет етеді. Жұмыс барысында қоғамның түрлі өкілдерімен бетпе-бет келетін болған соң, түрлі қиындықтар мен кедергілер кездеседі. Соның бәріне заңмен, біліктіліпкен жауап беріп, заң талаптарын сақтауға, мемлекеттік тілдің мәртебесінің кемімеуіне жұмыс істей білу керек. Бұл бағытта Байқоңыр ауданы Таха Хусейн көшесіне тексеру жүргізген топ жақсы деңгейде жұмыс атқарды.

Оған дәлел, Таха Хусейн көшесіндегі дөңгелек жөндеу орталығы, жекеменшік бала бақша, түрлі бұйымдар сататын дүкен және әйнек жөндеу цехы қатарлы нысандар заң талаптарына сай емес жарнама мен көрнекі ақпараттарын алуға бірден келісім берді. Жұмыс тобының ескертпелеріне түсіністікпен назар салып, мемлекеттік тілге құрметпен қарайтындарын білдірді. Көптеген азаматтар жобаға сәттілік тілеп, оң көзқарастарын танытты.

Тағы да ескерте кетсек, жоба аясындағы осындай жұмыстар Нұр-Сұлтан қаласының Алматы, Сарыарқа, Есіл, Байқоңыр қатарлы төрт ауданында қарқынды жүріп жатыр. Оның күнделікті барысы қатаң қадағаланып, БАҚ пен әлеуметтік желіде жариялануда. Жұмыс барысын қала әкімінің орынбасары Малика Бектұрова қадағалап отыр.

Айта кетерлігі, «Тіл тазалығы – баршаға ортақ іс» жобасы қоғам тарапынан қолдау табуда. Акцияға өз еркімен қатысқысы келетін ерікті адамдардан ұсыныстар түсуде. Бұдан тіл тазалығы, мемлекеттік тілдің мәртебесі мемлекет пен қоғам үшін өте өзекті мәселе екенін анық аңдауға болады. Жалпы, бұл шара ел астанасының тіл тазалығы, мәдени кескін-келбеті үшін жасалып жатқан жұмыс болған соң оған барлық қала тұрғындарын қатысуға шақырамыз.

"The Qazaq Times"