Кеше, қыркүйектің 15-і Алматы облысы Ақсеңгір-Шамалған станциясында пойыз бен автобус соқтығысып, бір адам қаза тапты. Ресми деректерге қарағанда, ауруханаға түскен үш жолаушының халі өте ауыр жағдайда. Төтенше жағдай орнында жүзге тарта тұрғын темір жолды жауып, ұзақ жылдар бойы айтылып келе жатқан көпір салу мәселесін шешуді талап етті. Ашынған бұқара "енжар" билікті айыптауда.
Екі кештің арасындағы транспорттық трагедия
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының мәлімдеуінше, жол апаты 15 қыркүйек күні сағат 19:08-де Алматы жол бөлімшесінің «Ақсеңгір – Шамалған» учаскесінде №43 «Алматы-Қостанай» жолаушылар пойызы (жеке тасымалдаушы «Турксиб-Астана» ЖШС) мен №456 Алматы-Қаскелең бағытында қатынайтын автобустың соқтығысуынан болған.
Орган өкілдерінің хабарлауынша, арнайы дабыл мен қызыл шамның ескертуіне, тыйым салатын белгіге қарамастан «темір жолға шығып кеткен автобусты» жүйткіп келе жатқан жүрдек пойыз соғып өткен.
Әлеуметтік желілерде бір сағатта тарап үлгерген апаттық жағдайға қатысты видеоларда өткелде кептеліп тұрған автокөліктер, жартылай жабылған шлагбаум мен қауіпті аймақ екенін аңғартатын қызыл шамның жанып тұрғаны көрінеді. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, «автобустың алды-арты автокөлітермен тұйықталып қалғандықтан, ары-бері қозғалуына мүмкіндігі болмаған».
Полиция мен медицина мамандары не дейді?
Елді дүрліктірген жол апатынан автобус жүргізушісі 1979 жылғы Бақытжан есімді азамат көз жұмды. Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Өмірзақ Ниязбеков автобус ішінде қалып қойған, зардап шеккен 3 және 5 жастағы екі кішкентай баланың халі өте ауыр екенін баяндады.
– Екі және бес жастағы екі кішкентай қыз бала мен олардың 1986 жылы туған анасы ауруханаға жеткізілді. Балалардың халі өте ауыр. Баланың үлкеніне операция жасалды. Оның бас сүйек пен миы өте ауыр жарақаттанған. Бала жасанды дем беру аппаратына қосулы. Екінші баланың да жағдайы ауыр. Оның да миына қатты зақым келген. Анасының оң иығы, бұғанасы, төрт қабырғасы сынған, – дейді Ө.Низябеков.
Ал Алматы облыстық полиция департаменті аталмыш апаттық оқиғаға қатысты екі бап бойынша («Темiржол, әуе, теңіз немесе өзен көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу» туралы 344-бап және «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу» туралы 345-баптың «абайсызда адам өліміне әкеп соққан» тармағы) қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеп, арнайы сараптама тағайындалып, себеп анықталатынын айтты. Алматы облысындағы төтенше жағдайды бас көлік прокуратурасы бақылауға алды. Сонымен қатар, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Алматы облысындағы төтенше жағдай бойынша арнайы комиссия құрған деседі.
Жергілікті тұрғындарға «көпір» керек
Қаскелеңнен 20 шақырым қашықтықта орналасқан елді мекенде 16 мыңнан астам тұрғын бар. Олар күнделікті орталыққа, мектепке осы өткелмен қатынайды. Қыркүйектің 16-сына қараған түні апат орнына жиналған жергілікті тұрғындар ұзақ жылдар бойғы «халық зарына» салғырт қараған «биліктің енжарлығы осыған жеткізді» деп наразылығын білдірді. «Көпір! Көпір» деп ұрандасқан көпшілік он жылдан аса күнделікті ертелі-кеш осылай бірнеше сағат бойы кептелісте тұратынын айтып шағынды. Жиналған жұрт көпір салынғанға дейін 17.00 мен 21.00 арасында пойызды тоқтатуын талап етті. Өткел маңында тұратын тұрғындардың айтуынша, бұл «кісі өліміне алып келген бірінші оқиға емес». Осы уақытқа дейін «көптеген балалар рельс бойында қыршыннан қиылған». Наразылардың бірі «Көпір саламыз деп жүргендеріне жеті жыл болды. 2017 жылы пайдалануға беріледі деді. Сол көпір қайда?» деп айғайлады.
Қызметіне тағайындалғанына бір жыл ғана болғанын алға тартқан Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев көпірге әлі ақша қарастырылмағанын айтып, 17-сі талқылауға шақырып ашынған жұртты басуға тырысты.
Бұған дейін 2017 жылдың қараша айында тұрғындар аймақтық арналардың біріне осы мәселеге байланысты шағымданған. Олар жыл сайын әр түрлі құзырлы органдарға барып өтініш қалдырған. Елеусіз қалған ел арызы қайғылы қазаға алып келді.
Дүдәмал деректер
Алматы облысы Төтенше жағдай департаменті автобуста 45 адам болғанын айтса, ал мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев твиттер парақшасында жазған көңіл айту жазбасында 67 адам болған деп көрсетті. Алғашында «2 адам қаза тауып, 9 адам зардап шеккен» деп тараған ақпар да артынша бірер сағат ішінде «бір адам сөз жұмып, 3 жолаушы Қаскелең ауруханасында ауыр хәлде» деп түзетілді.
P.S.: Жыл басынан бері жиілеген техногендік апаттық жағдайлардың басты себебі – биліктің тиісті шараларға қолын «мезгілінен кеш сермейтін» енжарлығынан деп біледі азаматтық қоғам белсенділері. Қоғамдық резонанс тудырған оқиғаға қатысты көпшілік ұзақ жылдар ел арызына бейжай қараған биліктің аймақтық өкілдерін «жол-көлік апатына жол берді» деп айыптауда.