Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық халықаралық бюро (АҚЖҚХБ) Қазақстан билігінен «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевті босатуын талап етті. Ұйым Жәкішевтің ісінде «саяси астар» бар деп санайды.

«Қазақстандық сот төрелігі кейбір басқа сотталушыларға, әсіресе бұрынғы жоғары лауазымды тұлғаларға қатысты; кісі өлтіру, тонау, зорлау фактісі бойынша айыпталғандарды мерзімінен бұрын шартты түрде босатса, Жәкішевті босату ісінде саяси құрамның бар екендігін алға тартады», – делінген мәлімдемеде.

Қазақстандық бюроның айтуынша, сот адамды бостандығынан айырғанымен, мемлекет оның өмірі мен денсаулығына кепіл болуы тиіс. Алайда Жәкішевтің жағдайында бұл ереже сақталмай тұр. Жазасын өтеушілерге арналған түзету мекемелері стандартты медициналық көмек көрсетпей, емдеу процедурасының өзінде шектеулер қойып отыр.

«Мұхтар Жәкішев қатты науқас, оны сауықтыруға қажетті емдеу шаралары қамтамасыз етілмей отыр. Тиісінше, оның жағдайы нашарлай түсуде және бұл өлімге әкелуі мүмкін. Бірақ бұл жай ғана өлім болып саналмайды. Бұл азаптаудың салдары болады, яғни медициналық көмек көрсетпеу болып табылады. БҰҰ Бас ассамблеясының резолюциясына (1988) сәйкес, медцициналық көмек көрсетпеу азаптаумен пара-пар»,– делінген халықаралық бюро таратқан мәлімдемеде.

Осыған байланысты Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюро ел президенті Тоқаевтан 10 жылдан бері жазасын өтеуші Мұхтар Жәкішевті босатып, оған қажетті ем мен тиісті өтемақы төлеуге шара қолдануын сұрады.

Қазақстандағы "саяси тұтқындарды босату" талабын ел азаматтары мен әлемдік ұйымдар да талап етуде. Көрнекі коллаж. Фото: ашық дереккөздерден

Естеріңізде болса, қыркүйектің 10-ы үшінші мәрте өткен Өскемендегі сотта Мұхтар Жәкішевтің ісіне қатысты апелляциялық шағым қанағаттандырылмаған. Ол ұзақ мерзімді қамауда үшінші топ мүгедектігіне шалдыққан.

Соңғы сот отырысы күні (10 қыркүйек) Алматы, Ақтау, Өскемен қалалары мен елорда да «Мұхтар Жәкішевті бостау» талабымен бірнеше наразылық шаралары өтті. Сонымен қатар, 9 қыркүйек Женевадағы БҰҰ, бүгін Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін саяси тұтқындарды босатуға шақырды. Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы Ақордадан 56 жастағы Мұхтар Жәкішевті дереу босатуын талап етті. Бұған дейін «жазықсыз саяси астармен істі болды» деп бағаланған Жәкішев ісіне қатысты осыған дейін 2015 жылы БҰҰ-ның адам құқығы комитеті оны дереу босатуды сұрап, ескерту жасаған еді.

Саяси тұтқындарға бостандық берілуін талап етіп тұрған наразылар. 7 қыркүйек 2019 жыл. Фото: QT

Қазақстан халқы соңғы уақыттары билікке нақты құқықтық талаптар қоя бастады. Өзге мәселелерден бөлек, бір ғана «саяси тұтқындарды босату» тақырыбы бойынша үш айдың өзінде елдің әр аймағында 40-қа тарта пикет пен наразылық акциялары өтті. Әзірге Ақорда тарапынан аталмыш талаптарға байланысты қандай да бір нақты жауап жоқ. Қазір ел назары президент Тоқаевтың бастамасымен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде. Оның алғашқы отырысы осыдан бірнеше күн бұрын болған. Бірақ тәуелсіз азаматтық белсенділер ол кеңестің саяси реформалар жасауда нәтиже беретініне сенімсізді танытуда.

"The Qazaq Times"