7 қыркүйек Алматы қаласында жеті сағат бойы «Халық құрылтайы», ізінше бейбіт шеруге ұласқан ауқымды қарсылық шарасы болып өтті.
Бүгін Алматыда күндіз сағат 11-де «Халық құрылтайы» басталды. Осымен екінші рет өтіп жатқан алқалы жиынға 500-ге тарта азамат қатысты. Құрылтайда оппозициялық саясаткерлер бас модератор Балташ Тұрсымбаев, Серікболсын Әбділдин, Рысбек Сәрсенбайұлы, Хасен Қожахмет, Жасарал Қуанышалин, Ермұрат Бапи және өзге де азаматтар бой көрсетті.
Серікболсын Әбділдин өз сөзінде қазіргі билік қателіктеріне талдау жасап, ең үлкен қателік – «Назарбаевтың 30 жылға жуық уақыт бойы авторитарлық билігі» деді. Сондай-ақ ол экс-президенттің биліктен толық қол үзбегенін «олқылық» ретінде бағалап, 1993 жылы қабылданған алғашқы Конституцияны қайтару жайында өткір пікірін білдірді.
Азаматтық қоғамның әр түрлі әлеуметтік топтарында көрініп жүрген белсенділер бас қосқан «Халық құрылтайында» елдің «Қытай экономикасына кіріптарлығы, тәуелділігі» жайында сөз болды. Қолына микрофон тиген белгілі экономист Айдар Әлібаев Қазақстанның қаржылық-экономикалық ахуалы туралы арнайы сөз сөйлеп, билікті ҚХР-дан қарыз алмауын талап етті. Оның айтуынша, Қытайдан алынған қарыз «елдің тәуелсіздігінен айрылуына апарады». Оған мысал ретінде Қытайдың берген несиесін уәделі уақытында өтей алмаған Шри-Ланканың теңіз портын беруге мәжбүр болғанын еске түсірді.
Желтоқсаншы, қоғам қайраткері Хасен Қожа-Ахмет өз кезегінде жоғарыдағылар "желтоқсанға дейін халық талабын ескермесе, биліктен бас тартып, Конституцияда көрсетілгендей өзін-өзі басқару жүйесіне көшу керектігін» қадап айтты.
Астана, Талдықорған, Шымкент, Атырау, Семей, Шардара, Орал, Сарыағаштан келген белсенділер мен алматылықтар қатысқан жиында негізінен елдегі саяси өзгерістер, жемқорлық, авторитаризм, Конституцияның 1993 жылғы нұсқасын қайтару, әлеуметтік жағдай, жастар саясаты, демократиялық принциптерді орнықтыру, экономикалық дербестік, БАҚ мен сөз бостандығы, Қытай эскпансиясы мәселелері кеңінен талқыланды. Және ең басты көтерілген тақырыптар қатарында президенттік басқару жүйесінен арылып, толық парламенттік республика құру мен саяси тұтқындарды босату, ҰҚК төрағасы К.Мәсімов пен Қауіпсіздің кеңесінің хатшысы Қ.Қасымовты отставкаға жіберу болды.
Құрылтайдың ресми бөлімінің соңына қарай дауыс беру арқылы «Халық талабы құжаты» аталатын арнайы қарар қабылданды, онда жоғарыда айтылған 15 шақты бөлімнен тұратын шарт-талаптар тізбегі қамтылған. Р.Сәрсенбайұлының сөзінше, кезекті резолюция Президент әкімшілігі мен тиісті ведомстволарға жолданады. Шымкенттен келген өкілдердің ұсынысы бойынша келесі құрылтай үш айдан соң Түркістан не Ордабасы жерінде болуы мүмкін екендігі айтылды.
Құрылтайдың қарар қабылдау кезеңінен соң көпшілік Б.Тұрсымбаев пен Р.Сәрсенбайұлының бастауымен ғимараттан шығып, тротуар бойымен Тәуелсіздік монументіне қарай шерулетіп жүрді. Әкімдікке қарама-қарсы ескерткіш маңына жиылған азаматтар арнайы шеңбер тәріздес тізбек құрып, қоғамды бірігуге шақыратынын мәлімдеді. Мұнда ел тәуелсіздігі үшін құрбан болған азаматтарға құран бағышталды.
Алаңға топтасқан құрылтай қатысушылары өз пікірлерін айтты. Жас белсенділердің бірі «құрылтай шақыру бейбіт күнде емес, ел басына күн туған шақта, жау шапқанда кеңесу үшін ашылатын» еске салып, мұны «Нұр Отанның» әбден жалыққан форумындай күнде-күнде өткізе беруге болмайды, сөзден нақты іске көшу керек» деп әрекетшілдікке меңзеді.
Наразылар қолдарына «Саяси тұтқындарға бостандық!", "Қытай экспансиясына жол жоқ", "Күш бірлікте", «М.Жәкішевке, А.Атабекке бостандық» деген жазуы бар плакаттар ұстап шықты. Артынша топтың бір бөлігі шерулет Арбатқа бет алды. Құрылтай артынан бейбіт шеруге ұласқан наразылық қатысушылары жылына бір мәрте өтетін дәстүрлі «Кітап фестиваліне» келіп, қалың жұртқа қарата өз ұстанымдарын білдіріп, қосылуға шақырды.
Байқағанымыздай өзгеріс талап еткен жиында жас саясаткер-сарапшылар аз болды.
Шерулетіп бара жатқан құрылтай қатысушылары. 7 қыркүйек 2019 жыл. Фото: QT
Өзгеріс талап ететін наразылар. 7 қыркүйек 2019 жыл. Фото: QT