5 қыркүйек түс мезгілінде ел президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Атырау облысына келді.

Мемлекет басшысының іс-сапары жайлы оның хатшысы Берік Уәли өзінің жеке парақшасында:

– Мемлекет басшысы облыстың мұнай сервистік кәсіпорындарының біріне барып, Қазақстанның мұнай-газ саласын дамыту мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңес өткізеді.

Сапар бағдарламасына сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан мұнайының 120 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысуы жоспарланған, – деп жазды.

Ақорда сайты мен әлеуметтік желілердегі парақшаларында әлі ресми ақпарат жариялана қойған жоқ.  Берік Уәли ұсынған материалға қарағанда, Тоқаевты 2016 жылдың 26 наурызынан өңірді басқарып келе жатқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев күтіп алған.

650 мыңға тарта тұрғыны бар облыстағы Теңіз кен орны мен Каспий қайраңындағы мұнай қоры Қазақстан бойынша анықталған қорлар мен ресурстардың 80%-ын құрайды. Үш күннен бері «Қазақстанда жүзеге асырылатын Қытаймен бірлескен 55 жобаға қарсылық», «Қытай экспансиясына» наразылық білдіріп, президенттің келуін, аталмыш экономикалық шешімнен бас тартуын талап етіп, Тоқаевтан қыркүйектің 11-12-сіне жоспарланған ҚХР-на бармауын сұраған жаңаөзендіктерге президент әзірге мойын бұра қойған жоқ.

Естеріңізге сала кетсек, 2 қыркүйектен бері Жаңаөзен қаласында басталып, республиканың 10 шақты қаласында қолдау тапқан «Қытай экспансиясына» қарсылық акцияларын ІІМ «рұқсат етілмеген жиын» ретінде танып, «аталмыш 55 зауыт көшірілетінін» жоққа шығарған еді. Сөйте тұра Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев 55 зауытты экономикалық-инвестициялық бірлескен жоба екенін растап, «Түркістан облысындағы түйе сүтін өндіретін» кәсіпорынын мысалға келтірді. Кешегі наразылықта сөз арасында Тұяқбаев Қытайдан басқа да көптеген өркениетті, дамыған елдермен жалпы жиыны «ірі 185 жоба жасалғандығын» мәлімдеп, мұның экономикалық қажеттілік екенін түсіндіруге тырысты.

Қала әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев наразыларға 55 жобаның бүге-шүгесіне дейін түсіндіріп беруге дайын екенін айтып тұр. Алматы қаласы. 4 қыркүйек 2019 жыл. Фото: QT

Көшірілмейтін, – бірлесіп салынатын жобалар жайлы  2019 жылы сәуірде Қазақстанның экс-президенті Н.Назарбаев Бейжіңде өткен «Бір белдеу – бір жол» форумында Қытайдың Қазақстандағы 55 ірі жобасының 15-і жұмысын бастағанын, 11 нысан биыл пайдалануға берілетінін айтқан еді.

"The Qazaq Times"